Сатира театрында жаңа қойылым
Шымкент қалалық әзіл-сықақ және сатира театрының репертуарында отандық туындылармен қатар, орыс, өзбек, қырғыз, ағылшын авторларының 30-ға жуық комедиялық қойылымдары бар.
Жуырда театрда Гүлсім Баймаханованың “Сиқырлы сиыр” атты балаларға арналған жаңа жылдық ертеңгілігінің сценография және костюмдер эскизі көркемдік кеңеске тапсырылды. Сиқырлы сиыр жаңа жылды барысқа тапсыру жоспарына кедерді келтірген кейіпкерлермен күреседі. Аққала досы оның жанында болып көмегін тигізеді. Жағымсыз кейіпкерлер өз айлаларын қанша қолдансада, соңында достарының арқасында өз дегеніне жетеді. Аяз ата мен қарша қыз ертеңгілік барысында балалармен ән айтып би билейді.
Шымкент қалалық әзіл-сықақ және сатира театры еліміздегі жас өнер ордаларының бірі. Ол 2008 жылы 4 сәуірде құрылды. Театр ең алғаш С.Жүнісовтің "Қысылғаннан қыз болдық" пьесасының желісімен жазылған У.Әбдірайымовтың "Ауылым – әнім" музыкалық қойылымымен шымылдығын түрді.
2011 жылдың қараша айында театрға бұрынғы "Шымкент" кинотеатрының ғимараты берілді. Театрда жалпы саны 86 адам, оның ішінде шығармашылық салада 36 адам қызмет атқаруда.
Шымкент әзіл-сықақ және сатира театрының әртісі Уәлибек Әбдрайымов "Ерен еңбегі үшін" медалінің, Жүсіп Ақшора Мәдениет қайраткері атағының иегері. Театр түрлі фестивальдерге қатысып, жоғары жүлделі орындарды иеленіп келеді.