Шымкентте «Дара» фильмінің тұсаукесері өтті
Шымкент қаласындағы Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығында мемлекет және қоғам қайраткері, этнограф-ғалым Өзбекәлі Жәнібектің 90 жылдық мерейтойына арналған «Дара» деректі фильм жарыққа шықты. Фильмде қайраткердің өмір жолы, қызметі, ұлт мəдениеті мен өнеріне, дəстүр-салтына сіңірген өлшеусіз еңбегі мен көзкөргендермен сұхбат ұсынылды.
Өзбекәлі Жәнібеков - қазақ халқының ұлттық мәдениетінің, ана тілінің, дәстүрі мен әдет-ғұрпының жаңарып, дамуына сүбелі үлесін қосқан, Қожа Ахмет Иассауи кесенесінің қалпына келтірілуіне, Тайқазанның елімізге қайта оралуына ұйытқы болып, еліміздегі тарихи-мәдени мұраларды түгендеу, зерттеу, қайта қалпына келтіру жұмыстарына айрықша күш салған. Ана тілін дамыту бағдарламасының мемлекеттік тұжырымдамасын жасауға қатысып, “Наурыз” мейрамының қазақ халқына қайта оралуына, Алаш ардақтыларының тарихта өз орнын табуына т.б. ел мүддесі үшін өз өмірін арнаған.
Жиында сөз алған зиялы қауым өкілдері Өзағаңның сан алуан еңбегін әр қырынан танытты. Түркістаннан келген этнограф-ғалымның туысы Айғаным Абанқызы Серім Өзағаңнан көрген тәлім-тәрбиесін, елімізге сіңірген еңбегінің өлшеусіз екенін жүрек тебіренісімен баяндады. Келген қонақтар бүгінгі жарыққа шыққан «Дара» деректі фильмнің жастарға тағылымы туралы айтып, ризашылығын білдірді.