Есірткі саудасының жолы кесілді

Oinet.kz 31-08-2020 1169

наркотик.jpg

Түркістан облысы әкімінің есірткі бизнесіне тосқауыл қою арқылы есірткіқұмарлықтың алдын алу туралы тапсырмасын орындау барысында облыстық Полиция департаментінің мамандары есірткі сатумен айналысқан күдіктілерді ұстады. Осылай Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының және Келес аудандық Полиция бөлімінің қызметкерлері бірлесіп, есірткі заттарын заңсыз тасымалдау мен өткізу жайтының жолын кесті.

Жедел-іздестіру іс-шарасы барысында полиция қызметкерлері көкнарды өткізбек болған екі күдіктіні ұстады. Олар Келес ауданының тұрғындары болып шықты. Жедел уәкілдер күдіктілерден салмағы 1 келіге жуық өсімдік тектес есірткі заттарын тәркіледі.

Қазіргі уақытта аталған жайт бойынша ҚР ҚК-нің 297-бабы 1-бөлігі "Есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, өңдеу, сатып алу, сақтау, тасымалдау, жөнелту немесе өткізу" бойынша тіркеліп, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдіктілердің бірі қамауға алынды, екіншісі қолхатта. Полиция қызметкерлері істің толық мән-жайын, оның ішінде есірткі жеткізу арналарын анықтауда.

Түркістан облысының полицейлері есірткіні заңсыз сақтағаны, тасымалдағаны және сатқаны үшін осы баптың санкциялары он жылға дейін мүлкін тәркілеп, бас бостандығынан айыруды көздейтінін еске салады. Өз кезегінде тәртіп сақшылары азаматтарды зиянды әдеттерден бас тартуға және салауатты өмір салтын ұстануға шақырады.

Полиция құрылыс құралдарын ұрлаған күдіктіні ұстады
Үш күнде анықталған 12 мас жүргізуші 7 жыл көлік басқару құқығынан айырылды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу