Алаяқтық жасаған әйел жазадан құтылып кете алмады
Бәйдібек ауданында құқық бұзушылықтардың алдын алу және қылмыс санын азайту туралы облыс әкімінің тапсырмасы жүйелі түрде жүзеге асып келеді. Тәртіп сақшылары жергілікті тұрғындарды жұмысқа орналастырамын деп алдап ақшасын алған алаяқты ұстады.
Бәйдібек АПБ-не жергілікті үш тұрғын арызданып, алаяқтың құрбаны болғандарын жеткізді. Жәбірленушілердің айтуынша, олар мессенджер арқылы шыққан хабарландыру бойынша бейтаныс адамға хабарласқан. Содан оның «Ақтау қаласына вахталық жұмысқа орналастырып беремін» деген жарнамасына сеніп, әрқайсысы 40-50 мың теңгеден ақша берген. Алайда 6 айдан бері уәде етілген жұмыста, ақша да жоқ болған. Аталған жайттар СДТТБТ-не енгізіліп, ҚР ҚК-нің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша тіркелді. Жәбірленушілерге келтірілген шығын көлемі 150 000 теңгеге жуықтады.
Бәйдібек аудандық полиция бөлімінің полицейлері жедел-іздестіру жұмыстарын жүргізіп, күдікті ретінде жергілікті тұрғын, жұмыссыз әйелді ұстады. Қазіргі таңда полицейлер оқиғаның мән-жайын толық тексеріп, күдіктінің басқа да осыған ұқсас қылмыстарға қатыстылығын анықтау үстінде.
Өз кезегінде Түркістан облысы полицейлері азаматтарға сақ болуды, жақын таныс емес азаматтарға сенбеуді, яғни, жұмысқа орналастырып беремін, несие болмаса басқа да әлеуметтік және материалдық көмектер алуға көмектесемін деушілерге сенбеңіздер деп кеңес береді. Егер, сіз алаяқтықтықтың құрбаны болсаңыз, тез арада полицияның «102» телефонына хабарласыңыздар.