Мыңнан астам қойды сатып қашып кеткен шопан астанада ұсталды

Oinet.kz 31-08-2020 1133

073.jpg

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылдан бастап қолданыстағы заңға мал ұрлығын болдырмау мақсатында осындай құқықбұзушылыққа барған азаматтарға жазаны қатаңдатуды енгізуін Түркістан облысының полицейлері тұрғындарға түсіндіріп, заңбұзғандарды жауапқа тартуда. Соның бірі – Отырар ауданында өзіне сеніп тапсырылған ұсақ малдарды сатып жіберген күдіктіні сақшылар астанада ұстады.   
Отырар аудандық ПБ кезекші бөліміне жергілікті тұрғын хабарласып, оның мыңнан астам бас қойының жоғалғаны туралы арызданған. Жәбірленушінің айтуынша бұл қылмысқа, малдарының жоғалуына малын сеніп тапсырған, яғни баққан қойшының қатысы болуы мүмкін. Жәбірленушіге келтірілген шығынн ың жалпы көлемі 53 миллион теңгеден асты. 
Отырар АПБ-нің полицейлері жедел-іздестіру іс-шаралары барысында күдіктінің ізіне шығып, оны Нұр-сұлтан қаласында ұстады. Жедел уәкілдер жасырынған шопанды полиция бөліміне алып жеткізді. Ол өз әрекетін толық мойындады. 
Тергеу барысында күдікті екі жыл ішінде жәбірленушінің 1060 қойын бөліп сатқаны, ал ақшасын өз қажеттіліктеріне жұмсағаны анықталды. Бүгінде тәртіп сақшылары ұрланған 30-ға жуық қойды заңды иесіне қайтарды. 
Аталған жайт ҚР ҚК-нің 189-бабы "Сеніп тапсырылған бөтеннің мүлкін иемдену немесе ысырап ету" бойынша тіркеліп, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдікті қамауда. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайлары анықталуда.
Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері азаматтарға қырағы болу және малдарын қараусыз қалдырмау қажеттігін ескертеді. Мүмкіндігінше тексерілген және таныс адамдарға ғана мал бақтыруға сеніңіз, сондай-ақ малдарды таңбалау және сырғалау керек. Өз мүлкіңізге аса ұқыптылық танытыңыз, ал мал жоғалған немесе ұрланған жағдайда тез арада полицияға 102 телефоны бойынша хабарласыңыз.

Полицейлер екі күн тұрғындарға құқықтық кеңестер берді
Өзгенің көлігін рұқсатсыз айдап, апат жасаған мас қолға түсті
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу