Пәтер тонап қамалды
Түркістан облысында криминогендік жағдайды жақсарту, пәтер және өзге де қылмыстарды ашу, бөтеннің мүлкін ұрлауға қатысы бар күдіктілерді ұстау және басқа да құқықбұзушылықтардың жолын кесу мақсатында өткізілген шарада жедел уәкілдер "Пәтер" іс-шарасы барысында Сайрам ауданындағы екі пәтер ұрлығына қатысы бар күдіктіні ұстады.
Тергеу барысында күдікті жергілікті тұрғынның бір апта ішінде Сайрам ауданында екі үйге ұрлыққа түскені анықталды. Ұры жәбірленушілердің бірінің үйіне кіріп, құны 280 мың теңге тұратын 123 диагоналды теледидарды ұрлап кеткен. Ал, бір аптадан кейін үй ұрысы басқа тұрғынның үйінен 100 мың теңге болатын алтын бұйымдарды жымқырып кеткен. Қазіргі уақытта аталған жайттар ҚР ҚК-нің 188-бабы "Ұрлық" бойынша тіркеліп, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Полиция қызметкерлері күдіктінің басқа да осыған ұқсас қылмыстарға қатыстылығын анықтауда.
Сонымен қатар, "Пәтер" жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында криминалдық полиция қызметкерлері Кентау қаласында пәтер ұрлығымен айналысқан қылмыстық топтың жолын кесіп, құрықтады. Күдікті екеу, жергілікті тұрғындардың 2 пәтер ұрлығына қатысы бары анықталды. Ұсталғандар бір жағдайда тұрмыстық техниканы ұрласа, екінші жағдайда ақша ұрлап кеткен. Бүгінде пәтер ұрлығы фактілері бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.