Қошқар ұрлап, сойып сатпақшы болғандар қамауға алынды
Созақ аудандық Полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданды. Оның айтуынша түнде қорасынан бір қошқарын ұрлап кеткен. Жәбірленушіге келтірілген шығын көлемі 50 мың теңгені құрады. Аталған жайт Созақ АПБ-не тіркеуге алынды.
Хабарлама ала салысымен аудандық полицейлер шұғыл әрекет етіп, оқиға орнына жетті. Қажетті шараларды жүргізді. Содан көрген-білгендерден жауап алып, жақын аймақтарды аралап шығып, мұқият іздестіру жұмыстарын жасады. Соның нәтижесінде 1 сағат ішінде полицейлер ақпарат көздері арқылы қылмыстың ізін суытпай ашты. Күдіктінің жеке-басын анықтап, оның үйін тінту кезінде полицейлер қан іздері бар жіп, қапқа салынған жаңа сойылған етті тауып, айғақты зат ретінде алды.
Тергеу барысында анықталғандай күдікті екі сыныптас жігіт алдын ала сөз байласып, жәбірленушінің малын өздерінің көліктерімен ұрлап, сойып сатпақ болған. Алайда, тәртіп сақшыларының кәсіби шеберліктері мен қырағылықтары арқасында күдіктілер тез анықталып, етін сатып үлгермеген. Олар қамауға алынды. Қазіргі таңда ҚР ҚК-нің 188-1-бабы «Мал ұрлығы» бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Түркістан облысы полицейлері азаматтарға өз мал-мүліктеріңізге сақ болыңыздар деп ескертеді. Қора-жайларыңызды, аулаларыңызды мықтылап бекітіңіздер деп кеңес береді. Егер, мал ұрлығы орын алған жағдайда уақыт кетірмей, тез арада полицияның «102» нөміріне хабарласыңыздар.