Заң мен тәртіп – әр отбасының құндылығы

Қоғамдағы тұрақтылық пен азаматтардың қауіпсіздігі ең алдымен заң талаптарының сақталуына және әр адамның құқықтық жауапкершілігіне байланысты. Осы ретте отбасындағы тәрбие мен құқықтық мәдениеттің маңызы ерекше. Себебі заңды құрметтеу, өзгенің құқығына қол сұқпау, жауапкершілікті сезіну секілді қасиеттер ең алдымен отбасында қалыптасады.
Осы мәселелер Шымкент қаласы Полиция департаментінде өткен «Заң мен тәртіп – әр отбасының құндылығы» тақырыбындағы жиында кеңінен талқыланды. Кездесудің негізгі мақсаты – қоғамдағы заңдылықты нығайту, құқық бұзушылықтың алдын алу, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және отбасылық құндылықтарды дәріптеу бағытындағы жұмыстарды одан әрі жетілдіру.
Жиында құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету тек құқық қорғау органдарының міндеті еместігі атап өтілді. Бұл – қоғамның әр мүшесіне ортақ жауапкершілік. Әсіресе отбасы институтының берік болуы қоғамдық тұрақтылықтың маңызды негіздерінің бірі саналады. Үйдегі өзара сыйластық, үлкенге құрмет, кішіге ізет, жауапкершілік пен тәртіпке баулу – баланың болашақтағы азаматтық ұстанымының қалыптасуына тікелей әсер етеді.
Кездесу барысында құқықтық мәдениетті қалыптастыру мәселесіне де басымдық берілді. Заңды білу – құқық бұзушылықтан сақтанудың алғашқы қадамы. Азамат өз құқығы мен міндетін жақсы білген сайын, заң талаптарын орындауға да жауапкершілікпен қарайды. Осыған байланысты тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жүйелі түрде жүргізудің маңызы зор.
Сонымен қатар құқық бұзушылықтың алдын алу бағытындағы профилактикалық шараларды күшейту қажеттігі айтылды. Әсіресе жастар мен жасөспірімдер арасында құқықтық сауаттылықты арттыру, отбасылық тәрбиені нығайту және құқық бұзушылыққа алып келетін факторлардың алдын алу – тұрақты назарда болуы тиіс.
«Заң мен тәртіп» қағидаты – қауіпсіз әрі әділетті қоғам құрудың берік негізі. Ал оның бастауы – отбасындағы тәртіп пен тәрбиеде. Сондықтан әр шаңырақ заңды құрметтеуді, жауапкершілікті және өзара сыйластықты басты құндылыққа айналдырса, қоғамдағы қауіпсіздік те нығая түспек.
Шымкент қаласы Полиция департаменті қоғамдық тәртіпті сақтау, азаматтардың құқықтарын қорғау және құқық бұзушылықтың алдын алу бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыра береді.


