Қауіпсіз қоғам: алаяққа алданбау – ортақ міндет

Цифрлық технологиялар күнделікті өмірімізді жеңілдеткенімен, интернет кеңістігіндегі алаяқтық әрекеттер де қатар көбейіп келеді. Қаскөйлер азаматтардың сеніміне кіріп, түрлі айла-шарғы арқылы қаржысын иемденуге тырысады. Сондықтан интернеттегі қауіпсіздік мәселесі бүгінде әрбір азаматтың назарында болуы тиіс.
Шымкент қаласында интернет-алаяқтықтың құрбаны болған тұрғынға келтірілген шығын толық көлемде өтелді. Қала тұрғыны алаяқтардың әрекетінен шамамен 8 миллион теңгесінен айырылған. Алайда Шымкент қаласы Полиция департаменті қызметкерлерінің жедел-іздестіру іс-шаралары нәтижесінде қылмысқа қатысы бар тұлға анықталып, ұсталды.
Тәртіп сақшылары жүргізген тиісті жұмыстардың нәтижесінде жәбірленушіге келтірілген материалдық шығын толық көлемде өндірілді. Бұл – азаматтардың құқығын қорғау, қылмыстың ізін суытпай ашу және келтірілген залалды өтеу бағытындағы полиция жұмысының нақты нәтижесі.
Оқиғадан кейін жәбірленуші полиция қызметкерлеріне кәсібилігі мен жедел әрекеті үшін алғысын білдіріп, тәртіп сақшыларының атқарған жұмысына жоғары бағасын берді.
Бұл жағдай «Қауіпсіз қоғам» жобасының негізгі мәнін де айқындай түседі. Қауіпсіз қоғам қалыптастыру тек құқық қорғау органдарының міндеті емес. Ол үшін тұрғындардың да құқықтық және цифрлық сауаты жоғары болуы қажет. Интернеттегі қарапайым сақтықтың өзі алаяқтардың арбауына түспеуге мүмкіндік береді.
Шымкент қаласы Полиция департаменті тұрғындарға қырағылықты күшейтуге шақырады. Өзін банк қызметкері, полиция өкілі немесе мемлекеттік орган маманы ретінде таныстырған бейтаныс адамдарға жеке мәліметтеріңізді айтпаңыз. Банк картасының нөмірі, шот деректері, құпия сөздер мен SMS арқылы келетін растау кодтарын ешкімге беруге болмайды.
Күмәнді қоңырау немесе хабарлама келіп түссе, асығыс шешім қабылдамай, әңгімені тоқтатып, ақпаратты ұйымның ресми байланыс арналары арқылы қайта тексерген жөн.
Интернеттегі қауіпсіздік – әр адамның жеке жауапкершілігінен басталады. Қырағылық танытып, дербес мәліметтерді қорғай білу – алаяқтықтың алдын алудың ең тиімді жолдарының бірі.


