Ақтас елдімекенінің тұрғыны полицейлерге алғыс айтты

Қоғамдық қауіпсіздік – тек құқық қорғау органдарының ғана емес, барша азаматтың ортақ жауапкершілігі. Әсіресе елдімекендердегі жол қауіпсіздігі, балалардың амандығы және тұрғындардың алаңсыз жүріп-тұруы – күн тәртібінен түспейтін маңызды мәселе. Бұл бағытта тұрғындардың ұсынысы мен қоғам белсенділерінің бастамасы нақты нәтижеге ұласқанда, оның маңызы арта түседі.
Тұран ауданы Ақтас елді мекенінің қоғам белсендісі Айымбетова Ғалия Құрбанғалиқызы да осы бағыттағы жұмыстарға өз үлесін қосып келеді. Оның айтуынша, жақында Ақжар елді мекенінде өткен көшпелі кездесуде Шымкент қаласы Полиция департаментінің бастығы Мұхтар Қожаевпен кездесіп, елді мекеннің шеткі аумақтарындағы жол қауіпсіздігі мәселесін көтерген.
– Әсіресе айналма жолдарда, балабақша маңында көліктердің жылдам жүруінен қауіп туындайтын. Сондықтан балалардың қауіпсіздігі үшін осы мәселені шешуге ықпал етуді сұрадым. Көтерген ұсынысымызға сол жерде-ақ назар аударылып, полиция қызметкерлері тиісті аумақтарды қарап шықты, – дейді қоғам белсендісі.
Көп ұзамай тұрғындар күткен өзгеріс те байқалған. Көлік қозғалысын баяулату мақсатында жолға арнайы кедергілер орнатылып, жүргізушілердің белгіленген жылдамдықты сақтауына жағдай жасалған. Бұл, ең алдымен, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған маңызды қадам.
Ғалия Айымбетованың айтуынша, тағы бір өзекті мәселе – Самара–Ташкент бағытындағы үлкен автотрассадан елді мекенге бұрылатын тұстағы көлік қозғалысы. Шағын көшеге ауыр жүк көліктері, тракторлар мен ірі машиналардың жиі кіріп-шығуы тұрғындарды алаңдатқан.
Бұл мәселе де назардан тыс қалмай, тиісті жол белгілері қойылған. Атап айтқанда, жүргізушілерге «Жол бер» белгісі орнатылып, қозғалыс қауіпсіздігін арттыруға мүмкіндік жасалды.
– Бүгінде балаларымызбен көшеде алаңдамай жүретін болдық. Тұрғындардың ұсынысына құлақ асып, нақты шара қабылдаған полиция қызметкерлеріне алғысымызды білдіреміз, – дейді қоғам белсендісі.
Халықтың талап-тілегіне құлақ асып, мәселені нақты іспен шешу – «Заң мен тәртіп» қағидатының өмірдегі көрінісі. Ал қауіпсіз жол – тұрғындардың тыныштығы мен балалардың болашағына жасалған маңызды қамқорлық.


