Заң мен тәртіп: Заңсыз алкоголь саудасына тосқауыл қойылды

Oinet.kz 16-06-2026

78.jpg

«Заң мен тәртіп» қағидаты мен «Айқын нәтиже» жобасын іске асыру аясында Шымкент қаласының Қаратау ауданында заңсыз кәсіпкерлік пен көлеңкелі айналымның жолын кесуге бағытталған кешенді бақылау іс-шаралары өткізілді. Қаратау ауданы прокуратурасының үйлестіруімен ұйымдастырылған рейдке аудандық мемлекеттік кірістер басқармасы мен полиция басқармасының қызметкерлері қатысып, алкоголь өнімдерін сататын сауда орындарына тексеру жүргізді.

Іс-шараның негізгі мақсаты – алкоголь өнімдерін лицензиясыз өткізудің жолын кесу, тұтынушылардың құқықтарын қорғау, заң талаптарының сақталуын қамтамасыз ету және көлеңкелі сауданың алдын алу. Мұндай бақылау шаралары қоғамдық тәртіпті нығайтып қана қоймай, адал кәсіпкерлік қағидаттарын қалыптастыруға және бюджетке түсетін салық түсімдерінің ашықтығын қамтамасыз етуге де ықпал етеді.

Тексеру нәтижесінде алкоголь өнімдерін заңсыз және арнайы лицензиясыз сатудың 16 дерегі анықталды. Құқық бұзушылықтардың жолын кесу барысында жалпы құны 7,7 миллион теңгені құрайтын 6 844 бөтелке алкоголь өнімі заңсыз айналымнан алынды. Қазіргі уақытта анықталған заң бұзушылықтар бойынша кінәлі тұлғаларды Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес әкімшілік жауаптылыққа тарту шаралары жүргізілуде.

Алкоголь өнімдерінің заңсыз айналымы мемлекет мүддесіне ғана емес, азаматтардың денсаулығы мен қоғамдық қауіпсіздікке де елеулі қауіп төндіреді. Сондықтан мұндай құқық бұзушылықтарға қатысты бақылау мен профилактикалық жұмыстар тұрақты түрде жалғасады.

Қаратау ауданының прокуратурасы алкоголь өнімдерін жиырма бір жасқа толмаған азаматтарға сатуға, оларды заңда белгіленбеген уақытта өткізуге және арнайы лицензиясыз саудалауға заңмен қатаң тыйым салынғанын ескертеді. Аталған талаптарды бұзу Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне сәйкес әкімшілік жауаптылыққа әкеледі.

«Заң мен тәртіп» қағидатының басты мақсаты – құқық бұзушылықтардың алдын алу, заң талаптарының бұлжытпай орындалуын қамтамасыз ету және қоғамда заңға құрмет мәдениетін қалыптастыру. Осы бағыттағы жүйелі жұмыстар алдағы уақытта да жалғасып, заңсыз саудамен күрес пен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету ісі тұрақты бақылауда болады.

«Нөлдік төзімділік»: Тазалыққа немқұрайлыққа жол жоқ
Қоғамға қайта бейімдеу – қылмыстың алдын алудың тиімді жолы
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу