Рахман Али: Ғылыми зерттеулерде кәсіби жауапкершілік маңызды
Жасанды интеллект пен деректер ғылымы қазіргі таңда әлемдік технологиялық дамудың басты драйверлеріне айналды. Бұл салалар экономикадан бастап білім беру мен ғылымға дейінгі көптеген бағыттардың дамуына жаңа серпін беруде. Осы орайда біз Woosong University Kazakhstan университетінің профессоры, жасанды интеллект, терең оқыту және деректер ғылымы салаларындағы халықаралық деңгейдегі ғалым Рахман Алимен сұхбаттасқан едік.
19 жылдан астам ғылыми-педагогикалық тәжірибесі бар зерттеуші жасанды нейрондық желілер, деректерді өндіру және деректерді талдау бағыттарында ауқымды зерттеулер жүргізіп келеді. Оның ғылыми еңбектері әлемдік беделді басылымдарда жарияланып, халықаралық ғылыми ортада жоғары бағаланған. Сондай-ақ ғалым жасанды интеллект пен деректер ғылымы бағыттарындағы халықаралық жобаларға белсенді қатысып, Оңтүстік Корея, Франция, Малайзия, Біріккен Араб Әмірліктері және Ұлыбритания университеттерімен бірлескен зерттеулер жүргізген.

Ғалыммен әңгімеміз жасанды интеллект технологияларының болашағы, ғылым мен білім беру саласындағы заманауи үрдістер, сондай-ақ еліміздегі ЖИ жүйесін дамыту мүмкіндіктері төңірегінде өрбіді.
– Али мырза, сұхбатымызды бастамас бұрын Түркістан қаласы сізге қандай әсер қалдырғанын біліп алсақ. Жалпы осында келерден бұрын бұл шаһар жайлы естіп, біліп пе едіңіз?
– Қазақстан туралы алғаш рет шамамен екі жыл бұрын Ақтөбедегі Жұбанов университетінің базасындағы Heriot-Watt кампусы мен Алматыдағы KIMEP университетінде қызмет ететін әріптестерім арқылы білдім. Алайда сол уақытта Түркістан қаласы жайлы толық мәліметім болған жоқ. Түркістанға келгеннен кейінгі алғашқы әсерім өте жақсы болды. Бұл қала терең тарихи мұраны заманауи сәулет өнерімен үйлестіре білген ерекше мекен екен. Сонымен қатар, оның мәдени маңызы, қарқынды дамып келе жатқан академиялық ортасы және жергілікті халықтың қонақжай әрі ашық мінезі халықаралық мамандар мен зерттеушілер үшін өте қолайлы орта қалыптастырады.
– Woosong University Kazakhstan университетін таңдауыңызға не себеп болды?
– Бұл шешіміме екі негізгі фактор әсер етті. Біріншіден, мен Оңтүстік Кореяда білім алғанмын және корей жоғары білім жүйесінің құрылымы, тәртібі мен инновацияға бағытталған ұстанымы әрдайым мені тәнті етіп келеді. Екіншіден, Қазақстанның тарихи әрі мәдени маңызы зор өңірі – Түркістанда корей үлгісіндегі университеттің ашылуы ерекше мүмкіндік болды. Көпмәдениетті академиялық орта мен университеттің айқын даму стратегиясы мені осы білім ордасының дамуына өз үлесімді қосуға ынталандырды.
– Пәкістаннан Оңтүстік Кореяға, кейін Қазақстанға дейінгі ғылыми сапарыңыздан қандай маңызды сабақ алдыңыз?
– Менің академиялық жолымдағы ең маңызды сабақ – оқыту мен ғылыми зерттеулердегі кәсіби жауапкершіліктің маңыздылығы. Тиімді оқытушы өз міндетіне адал болып, тұрақтылық танытып, кәсіби этика қағидаларын ұстануы қажет. Сонымен қатар студенттерге қолдау көрсетіп, олардың жеке мүмкіндіктерін түсініп, әлсіз тұстарын анықтап, академиялық әрі аналитикалық қабілеттерін дамытуға көмектесу де аса маңызды. Мысалы, оқу процесі тәлімгерлікпен ұштасқанда және студенттің жеке оқу қарқыны ескерілгенде олардың нәтижелері айтарлықтай жақсарады.
– Сіз көптеген елдегі университеттермен жұмыс істедіңіз. Қазақстандық студенттердің ерекшелігі неде және олардың әлеуетін қалай бағалайсыз?
– Қазақстандық студенттер оқу тәртібін жақсы сақтайды, сабақ барысында белсенділік танытады және академиялық қиындықтар бойынша оқытушыларымен ашық байланыс орнатуға дайын болады. Сонымен қатар олардың арасында салауатты академиялық бәсекелестік қалыптасқан, бұл өз кезегінде мотивация мен білім сапасының артуына ықпал етеді. Мұндай қасиеттер олардың ұлттық деңгейде де, халықаралық ортада да табысты болуына мүмкіндік береді.
– Қазақстан ЖИ технологияларын дамытуда қандай бағыттарға басымдық беруі керек деп есептейсіз?
– Менің ойымша, Қазақстан ТМД аймағындағы іскерлік және экономикалық орталық ретінде қалыптасып келе жатқандықтан, деректер ғылымы (Data Science) мен жасанды интеллект негізіндегі бизнес-аналитиканы дамытуға ерекше назар аударуы қажет.
Сонымен қатар генеративті жасанды интеллект, агенттік жасанды интеллект жүйелері және қолданбалы машиналық оқыту бағыттарына инвестиция салу болашақтағы технологиялық бәсекеге қабілеттілікті қамтамасыз етеді. Мысалы, генеративті жасанды интеллект білім беру саласында, контент әзірлеуде және шешім қабылдауды қолдау жүйелерінде тиімді қолданылса, агенттік жасанды интеллект бизнес процестерін автоматтандыру мен интеллектуалды басқару жүйелерін дамытуға көмектеседі.
– Болашақта ЖИ адам эмоцияларын толық түсініп, адамдармен табиғи қарым-қатынас жасай ала ма немесе ЖИ дамыған сайын адам бойындағы қандай қасиеттер ешқашан өз құндылығын жоғалтпайды деп ойлайсыз?
– Менің ойымша, жасанды интеллекттің дамуы адамның ойлау немесе эмоциялық қабілеттерін әлсіретпейді. Керісінше, бұл жаңа дағдылардың қалыптасуына ықпал ететін табиғи эволюциялық процесс. Бұған дейін адамдар есептеу жұмыстарын қолмен орындаудан калькуляторға, кейін компьютерлерге көшкені сияқты, бүгінгі технологиялық өзгерістерге де бейімделеді. Адамдар жаңа талаптарға сай өздерінің аналитикалық және танымдық қабілеттерін дамытуды жалғастыра береді. Сонымен қатар генеративті жасанды интеллект пен көпмодальды жүйелердің дамуы нәтижесінде жасанды интеллект белгілі бір деңгейде эмоцияларды түсінуге жақындай түсуі мүмкін. Дегенмен шығармашылық, этикалық пайымдау және өмірлік тәжірибе секілді адами қасиеттер әрқашан ерекше маңызын сақтап қалады.
– Ғылыми мансабыңыздағы ең үлкен жетістігіңіз бен ең қиын кезеңіңіз қандай болды?
– Менің академиялық мансабымдағы ең қиын кезең 2012–2014 жылдары Кёнхи университетіндегі докторантурада оқу барысында болды. Сол кезде ғылыми зерттеулерден нақты нәтижелер алу оңайға соқпады. Алайда табандылық пен үздіксіз еңбектің арқасында бұл қиындықтарды еңсеріп, зерттеу жұмысымда маңызды жетістікке қол жеткіздім. Нәтижесінде 2016 жылы Кёнхи университетінің халықаралық студенттері арасында «Үздік PhD диссертациясы» сыйлығына ұсынылдым. Бұл менің ең маңызды академиялық жетістіктерімнің бірі болып саналады.
– Қазақстан мен Пәкістан арасындағы білім және ғылым саласында бүгінде байланыс бар ма? Бұл байланысты нығайту үшін қандай бастамалар жасалуы керек?
– Қазақстан мен Пәкістан арасында білім және ғылым салаларындағы ынтымақтастық соңғы жылдары айтарлықтай нығайып келеді. Қазақстан Президенті мен Ғылым және жоғары білім министрінің Пәкістанға жасаған соңғы сапары барысында бұл байланыстар жаңа деңгейге көтерілді. Соның нәтижесінде NUST университетінде Сәтбаев орталығы, Исламабадтағы Quaid-i-Azam университетінде Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетімен бірлескен Әл-Фараби орталығы және International Islamic University Islamabad базасында Қожа Ахмет Ясауи атындағы ғылыми-зерттеу орталығы ашылды. Бұл орталықтар заманауи білім беру ресурстарымен жабдықталып, бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізуге мүмкіндік береді.
Алдағы уақытта, әсіресе, медицина және жасанды интеллект салаларындағы шәкіртақылық бағдарламаларды кеңейту маңызды деп есептеймін. Сонымен қатар әлеуеті жоғары, бірақ мүмкіндігі шектеулі өңірлердегі жастарға ерекше қолдау көрсету қажет.
– Woosong University Kazakhstan студенттерін болашақ еңбек нарығына дайындауда қандай артықшылықтарға ие?
– Университеттің басты ерекшелігі – жобаға негізделген және нақты мәселелерді шешуге бағытталған оқыту әдістемесі. Бұл тәсіл студенттердің тек теориялық біліммен шектелмей, нақты өмірдегі мәселелерді шешу арқылы тәжірибелік дағдыларын дамытуына мүмкіндік береді. Соның нәтижесінде түлектер еңбек нарығының талаптарына жақсырақ бейімделеді.
– Алдағы жылдары университетте қандай жаңа жобалар немесе бастамалар жүзеге асырылуы мүмкін?
– Алдағы жылдары университет өзінің академиялық бағдарламаларын кеңейтіп, жасанды интеллект, деректер ғылымы және киберқауіпсіздік бағыттары бойынша мамандандырылған білім беру бағдарламаларын іске қосуды жоспарлап отыр. Бұл бастамалар студенттердің заманауи технологиялық үрдістер мен индустрия талаптарына сәйкес білім алуына және тәжірибелік құзыреттерін дамытуына бағытталған.
– Пәкістаннан басталған ғылыми жолыңыз сізді Түркістанға алып келді. Осы орайда бүгінгі жастарға ғылымда жол табу үшін қандай қағиданы ұстануға кеңес берер едіңіз?
– Ғылым жолын таңдаған жастар үшін ең маңызды қағидалар – еңбекқорлық, нақты мақсат қою, тұрақтылық және өзін-өзі ынталандыра білу. Ғылыми жетістікке жету үшін ұзақ мерзімді еңбек пен табандылық қажет. Студенттер өздерінің академиялық мақсаттарын нақты айқындап, сол бағытта үздіксіз жұмыс істеуі керек. Мысалы, бакалавриат кезеңінде шағын ғылыми жобаларға тұрақты қатысу болашақта ірі ғылыми жетістіктерге жол ашатын мықты негіз қалыптастырады.
Әңгімелескен Айнұр ОҢҒАРБАЙ


