Рохан Чанджлана: Қазақстан мені қонақжайлығымен таңғалдырды
Бүгінде Қазақстан шетелдік жастар үшін сапалы білім алуға мүмкіндік беретін елдердің біріне айналды. Солардың бірі – Үндістаннан келген Шымкент медицина академиясының студенті Рохан Чанджлана. Біз онымен сұхбаттасып, Қазақстандағы өмірі мен алған әсерлері туралы электронды аударма арқылы әңгімелестік.

– Өзіңізді таныстырып өтсеңіз. Қай жерден келдіңіз?
– Менің атым Рохан Чанджлана. Мен Үндістанның Мадхья-Прадеш штатынан келдім.
– Неліктен Қазақстанды және Шымкент медицина академиясын таңдадыңыз?
– Бұл оқу орнын маған осы жерде оқып жүрген достарым ұсынды. Олар Шымкент медицина академиясының үндістандық студенттер үшін өте жақсы оқу орны екенін айтты. Сонымен қатар Шымкенттің әдемі қала екенін естідім. Сол себепті достарымның кеңесіне сүйеніп осында келдім.
– Қазақстанға алғаш келгендегі әсеріңіз қандай болды?
– Маған қала бірден ұнады. Шымкент өте таза әрі көрікті қала екен. Мұнда демалатын орындар көп. Адамдары да өте сыпайы және мейірімді. Достарыммен бірге қаланы аралап, түрлі орындарды көрдік, жергілікті тағамдардың дәмін таттық. Бұл мен үшін ерекше тәжірибе болды.
– Қазақ халқының қандай қасиеттері сізге ерекше ұнады?
– Қазақ халқының қонақжайлығы мен көмектесуге дайын тұратыны ұнады. Алғаш келген кезде қоғамдық көлік бағыттарын, мекенжайларды немесе кейбір жергілікті ерекшеліктерді білмедім. Сондай кезде адамдардан сұрасам, олар әрдайым көмектесіп отырды.
– Қазақтың қандай тағамдарын көріп, дәмін таттыңыз?
– Мен вегетариан болғандықтан барлық тағамды татып көрмедім. Дегенмен көже, лаваш, шаурма және түрлі жеміс-жидек сусындарының дәмін таттым. Ал ет тағамдарын жейтін достарым Қазақстанның ұлттық тағамдары өте дәмді екенін жиі айтады.

– Қазақ және үнді мәдениеттерінің қандай ұқсастықтарын байқадыңыз?
– Мен индуизм дінін ұстанамын. Біздің дінде Наваратри мерекесі кезінде ораза ұстайды. Бұл Қазақстандағы мұсылмандардың Рамазан айындағы оразасына ұқсайды. Сонымен қатар Қазақстанда көктемде Наурыз мерекесі тойланса, Үндістанда да көктем мерекелері кеңінен аталып өтеді.
– Қазақ тілінен қандай сөздерді үйрендіңіз?
– Мен бірнеше қарапайым сөздерді білемін. Мысалы, «Сәлеметсіз бе?», «Қалыңыз қалай?», «Сізде бәрі жақсы ма?», «Сау болыңыз» деген сөздерді айта аламын.
– Оқу барысында қандай қиындықтарға тап болдыңыз?
– Сабақ барысында айтарлықтай қиындық болған жоқ. Өйткені оқытушыларымыз ағылшын тілін жақсы меңгерген. Тек кейде қала ішінде жүргенде тілдік кедергілер кездеседі.
– Бос уақытыңызды қалай өткізесіз?
– Бос уақытымда Қазақстанның табиғаты мен көрікті жерлерін аралағанды ұнатамын. Жақында Сайрам-Өгем өңіріне бардым. Сонымен қатар Түркістан, Ақсу және басқа да көптеген жерлерді араладым. Қазақстанның табиғаты өте әдемі.
– Қазақстанға келгісі келетін үндістандық студенттерге қандай кеңес берер едіңіз?
– Ең алдымен жергілікті тілді үйренуге кеңес берер едім. Бұл жаңа ортаға тез бейімделуге көмектеседі. Сондай-ақ елдің заңдарын біліп, барлық адамға құрметпен қарау маңызды.
– Сұхбатыңызға рақмет!
– Сіздерге де рақмет! Бұл сұхбатқа қатысу мен үшін үлкен қуаныш болды.
Әңгімелескен
Жанат Жандарова


