Дархан ҚЫДЫРӘЛІ: Осы кезеңде Парламент тарапынан барлығы 3503 заң қабылданды
Бүгін Сенаттың соңғы пленарлық отырысы өтті. Ертең Палаталардың бірлескен отырысында кезекті сессия ресми түрде жабылады. Осылайша қос палаталы Парламент бір дәуірді қорытындылап, өзінің отыз жылдық тарихи миссиясын абыроймен аяқтайды.
Осы кезеңде Парламент тарапынан барлығы 3 503 заң қабылданыпты. Ал VIII шақырылым барысында 343 заң қаралған екен, оның 127-і осы сессия барысында талқыланып, қабылданды. Заң шығару ісіне біз де атсалысуға тырыстық. Соның ішінде Мәжілістегі әріптесім Асхат Аймағамбетовпен бірге бастамашы болған “Тарихи-мәдени мұраны сақтау” туралы заң рухани ескерткіштерді қорғау және ұлттық археология саласына соны серпін береді деп сенемін.
Біздің Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті осы аралықта заңдар бойынша 138 отырыс өткізді, оған қоса азаматтық қорғау жүйесін жетілдіру мәселелері бойынша парламенттік тыңдау, көктемгі су тасқыны мәселелері бойынша үкімет сағаты, 25 көшпелі іс-шара, 10 дөңгелек үстел және түрлі деңгейде 18 кездесу ұйымдастырды. Сессия барысында өңірлерге барып, жергілікті тұрғындармен кездестік. Мемлекет басшысының тапсырмалары мен Ұлттық құрылтайда көтерілген бастамаларды іске асыру бағытында түрлі талқылаулар өткіздік.
Үкіметке депутаттық сауалдар жолдап, архив және кітапхана мәселесі, жұмыстағы зорлық-зомбылықтың алдын алу, балалардың шетелге заңсыз сатылуына тосқауыл қою, вандализммен күрес, Алтын Орданың 800 жылдығын лайықты атап өту, тарихи-рухани мұраны сақтау, ауыл мәдениетін дамыту, көші-қон саласын реттеу, бұқаралық спортты дамыту және футболдағы жемқорлық, әскердегі әлімжеттік, музыкалық асбап шеберлерін қолдау, жастар саясаты және тағы басқа да өзекті тақырыптарды көтердім. Олар бойынша тиісті мемлекеттік органдар нақты шешімдер қабылдады.
Парламенттік ынтымақтастық аясында да белсенді жұмыс атқарылды. Сенат Төрағасының қолдауымен қазақ-қырғыз және қазақ-өзбек зиялыларының форумдары өткізілді. Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі мен Хатшылығы отырыстарының жұмысына қатысып, ТүркПА аясындағы іс-шараларға атсалыстық. Жалпы, бұл шақырылым мен үшін жақсы тәжірибе болды.
Осы орайда арнайы Жарлығымен Сенатқа тағайындаған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа ризашылығымды білдіремін. Сондай-ақ, Сенат Төрағасы Мәулен Сағатханұлы Әшімбаевқа және бірге қызмет еткен барша депутат әріптестеріме алғыс айтамын. Сонымен қатар жұмысымызды жеңілдеткен аппарат қызметкерлеріне және журналистер қауымына рахмет айтамын. Бізге сенім артқан, қолдау көрсеткен, тілектес болған барша жұртшылыққа, бауырлар мен достарға алғысым шексіз.
Баршаңызға амандық, береке және толайым табыс тілеймін!
Дархан ҚЫДЫРӘЛІ, Сенат депутаты


