Рохан ЧАНДЖЛАНА: Қазақстың Рамазан айы мен үндінің Наваратри мерекесі ұқсас

Oinet.kz 24-06-2026

Бүгінде Қазақстан шетелдік жастар үшін сапалы білім алуға мүмкіндік беретін мемлекеттердің біріне айналып отыр. Солардың бірі – Үндістанның Мадхья-Прадеш штатынан келген, Шымкент медицина академиясында білім алып жатқан студент Рохан Чанджлана. Біз онымен әңгімелесіп, Қазақстандағы өмірі мен алған әсерлері туралы сұхбаттасқан едік.

Screenshot_12.jpg

– Рохан, Қазақстанды, оның ішінде Шымкент медицина академиясын таңдауыңызға не себеп болды?

– Бұл оқу орнын маған осында оқып жүрген достарым ұсынды. Олар Шымкент медицина академиясының үндістандық студенттер үшін қолайлы әрі сапалы білім беретін оқу орны екенін айтты. Сонымен қатар Шымкент қаласының әсемдігі туралы да көп естідім. Достарымның кеңесіне құлақ асып, осы жерге оқуға келдім.

– Қазақстанға алғаш келген сәттегі әсеріңіз қандай болды?

– Алғашқы әсерім өте жақсы болды. Шымкент бірден ұнады: қала таза, көрікті әрі тыныш екен. Демалатын орындар да көп. Адамдары өте сыпайы әрі мейірімді. Достарыммен бірге қаланы аралап, түрлі жерлерді көрдік, жергілікті тағамдардың дәмін таттық. Бұл мен үшін ерекше тәжірибе болды.

– Қазақ халқының қандай қасиеттері сізге ерекше әсер қалдырды?

– Қазақ халқының ең ұнаған қасиеті – қонақжайлығы және көмектесуге әрдайым дайын тұратыны. Алғаш келген кезде қоғамдық көлік, мекенжайлар сияқты көптеген нәрселерді білмедім. Сол кезде адамдардан сұрасам, ешқашан көмектен бас тартқан емес.

– Қазақ тағамдарынан нені байқап көрдіңіз?

– Мен вегетариан болғандықтан барлық тағамды татып көре алмадым. Дегенмен көже, лаваш, шаурма және түрлі жеміс-жидек сусындарын ішіп көрдім. Ал ет тағамдарын жейтін достарым қазақтың ұлттық тағамдары өте дәмді екенін жиі айтады.

– Қазақ және үнді мәдениеттерінде қандай ұқсастықтар байқадыңыз?

– Мен индуизм дінін ұстанамын. Біздің дінде Наваратри мерекесі кезінде ораза ұсталады, бұл Қазақстандағы Рамазан айындағы ораза дәстүріне ұқсайды. Сонымен қатар Қазақстанда көктемде Наурыз мерекесі тойланса, Үндістанда да көктем мерекелері кеңінен атап өтіледі.

– Қазақ тілінен қандай сөздер үйрендіңіз?

– Бірнеше қарапайым сөз тіркестерін білемін: «Сәлеметсіз бе?», «Қалыңыз қалай?», «Сізде бәрі жақсы ма?», «Сау болыңыз» деген сияқты сөздерді айта аламын.

– Оқу барысында қиындықтар кездесті ме?

– Негізгі оқу процесінде үлкен қиындық болған жоқ, себебі оқытушылар ағылшын тілін жақсы меңгерген. Дегенмен қала ішінде жүргенде тілдік кедергілер кейде кездеседі.

– Бос уақытыңызды қалай өткізесіз?

– Бос уақытымда Қазақстанның табиғатын аралағанды ұнатамын. Жақында Сайрам-Өгем өңіріне бардым. Сонымен қатар Түркістан, Ақсу сияқты көптеген көрікті жерлерді араладым. Қазақстанның табиғаты шынымен де өте әсем.

– Қазақстанға келгісі келетін үндістандық жастарға қандай кеңес берер едіңіз?

– Ең алдымен жергілікті тілді үйренуге кеңес берер едім. Бұл жаңа ортаға тез бейімделуге көмектеседі. Сонымен қатар елдің заңдарын сақтап, әр адамға құрметпен қарау өте маңызды.

Жанат Жандарова, 

Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ 2 курс студенті

Ішкі істер министрі елімізді "штрафстан" деп атайтындарға жауап берді
Қарызы ең көп ел - Қазақстан
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу