Түлкібас: Таза ауызсу жүйесі тартылуда

Oinet.kz 10-11-2025 5

1674220314_326395725_555870129589017_6654860264375682558_n.jpg

Таза ауыз су – тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыратын басты факторлардың бірі. Осы бағытта Түлкібас ауданында жүйелі жұмыстар атқарылып келеді. Биылдың өзінде 30 ауылдың су жүйесі реттелуде. Екі елді мекеннің су жүйесі толық жаңартылып, тағы 28 ауылда жөндеу жұмыстары жүруде.

Бүгінгі күні 14 елді мекенде, яғни, Майтөбе, Ақбиік, Құлан, Керейіт, М.Жәрімбетов, Қабанбай, Күмісбастау, Келтемашат Қараағашты, Шұқырбұлақ, Жанұзақ, Азаттық ауылдарында ағымдағы жөндеу жұмыстары толығымен аяқталған. Ал Жыланды, Жиынбай, Күмісбастау, Састөбе, Қызылбастау, Көктерек, Еңбекші, Амангелді, Пістелі, Көкбұлақ, Даубаба, Тастұмсық, Разьезд-114, Жаскешу елді мекендерінде ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Аталған жұмыстарды жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған.

Аудан әкімі Асқар Естібаев және аудандық мәслихаттың төрағасы Серғали Сәрсенбаев су жүйесіндегі кемшіліктерді реттеу мақсатында құрылыс жұмыстары іске асып жатқан Азаттық, Тастұмсық, Жыланды, Пістелі және Көкбұлақ ауылдарында болып, ондағы атқарылып жатқан жұмыстар барысын бақылады. Аралау барысында аудан басшысы жауапты мамандармен Азаттық елді мекеніндегі биікте орналасқан, яғни су қысымы жетпей жатқан көшелерге қысымды көтеріп, су жеткізу мәселесін пысықтап, нақты шешімдер қабылданды. Ал Тастұмсық, Жыланды және Көкбұлақ ауылдарындағы ұңғыманы тазалау, су жинайтын мұнара аймағын қоршап, талапқа сай ету жұмыстарын сапалы әрі  жылдам аяқтау тапсырылды.

– Халықты таза ауыз сумен қамту жұмыстары жалғасын табуда. Бірінші кезекке қойылған бұл бағыттағы жұмыстар өз бақылауымда тұр. Жуырда бірнеше елді мекенде құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатқан Күмісбастау, Шұқырбұлақ және Жаскешу ауылдарына арнайы бардым. Мәселен, Күмісбастау ауылын ауыз және ағын сумен қамтып отырған бұлақ көзінен елді мекендегі жаңадан түскен көшедегі үйлерге жеткізу және су қысымын арттыру мақсатында су жинайтын орынға дейін 400 метр жерге 315 диаметрлік құбыр тартылып, одан ауылға 1,8 шақырым, және ішкі көшеге 1 шақырым 200 диаметрлік құбыр жүргізілген. Сонымен қоса, бастау көзі қоршалып, құдықшалардағы су реттегіштер жөнделген. Мердігер өкілдеріне құрлыс жұмысын талапқа сәйкес жүргізіп, жоспарлы мерзімде тапсыру ескертілді,  – дейді аудан әкімі.

Ал Шұқырбұлақ ауылында су қысымын жақсарту мақсатында су жинайтын орынға 25 тонналық бөшке қойылып, трансформатор мен сорғы орнатылып, орталық су жүйесіне қосу жұмыстары атқарылуда. Жаскешу ауылында да құрылыс жұмыстары жалғасын табуда. Мұнда таза ауыз су жүйесі жүргізілмеген Демеушов және Тәжібаев көшелеріндегі 84 үйге арнайы ұңғыма қазу және 3,5 шақырым жерге құбыр тарту жұмыстары атқарылуда.

Аудан әкімі аталған нысандарды аралау барысында бірінші кезекте жұмыстың сапасына мән беру керектігін ескертіп, су жинайтың және алатын орынның айналасын толық қоршау, талапқа сай бейнебақылау камераларымен жабдықтау және тазалықта ұстауды жауаптыларға тапсырып, құрылыс жұмыстарын барынша жылдамдату қажеттігін атап өтті.

Бұл – тек инфрақұрылым емес, тұрғындардың өмір сапасына инвестиция. Жыл соңында Түлкібаста әр үйге тұрақты әрі сапалы ауыз су жетеді деп күтілуде.

Отырар ауданында мақта кластері дамып келеді
Су үнемдеу технологиясы 114 мың гектар алқапқа енгізілді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу