Отырар ауданында мақта кластері дамып келеді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында ауыл шаруашылығын жаңа деңгейге көтеруді міндеттеп, суармалы жерлерді тиімді пайдалану және заманауи технологияларды енгізуді тапсырды. Шикізат өндіруден терең қайта өңдеуге көшу қажеттілігін ерекше атап өтті. Осы ретте Отырар өңірінде 32 мың гектар жерге тамшылатып суару жүйесін қолдану арқылы мақта егілген. Алқап маңында салынатын төрт зауыттың екеуін биыл іске қосу жоспарланған, қалған екі кластердің құрылыс жұмыстары 2026 жылға өтпелі.
Міне, Отырар ауданындағы мақта кластері бойынша атқарылып жатқан жұмыс барысымен танысу мақсатында облыс әкімінің орынбасары Талғат Қозбеков пен «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» акционерлік қоғамы Басқарма төрағасы Рустам Карагойшин жұмыс сапарымен Отырар ауданындағы «Түркістан мақта агроөнеркәсіптік кешені» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің заманауи мақта өңдейтін кластерінің құрылыс алаңында болды. Бүгінгі күні Түркістан облысында тамшылатып суару әдісін пайдалану арқылы төрт ірі мақта өңдеу зауытының құрылысы жүргізіліп жатыр. Түркістан облысына инвестициялар тарту, су үнемдеу технологияларын енгізу, егістік алқаптарын ұлғайту бағыттарында оң өзгерістер байқалады.
Облыс әкімінің орынбасарының айтуынша, биыл облыс шаруалары 144,5 мың гектарға мақта егіп, жинау үстінде. Диқандар жалпы 470 мың тонна шитті мақта жинайды деп күтілуде. Түркістан облысында 25 мақта зауыты, 175 мақта қабылдау бекеті қызмет етеді. Ал Отырарға жасалған сапар барысында холдинг төрағасы көпфункционалды кешеннің құрылыс жұмыстарымен танысып, Түркістан өңірінің өндірістік әлеуетін оң бағалады. Сондай-ақ тараптар агроөнеркәсіп саласында бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мәселесін талқылады.
Мақта кластерінде жылына 360 мың тонна шитті мақта өңдеу жоспарланған. Жалпы жоба құны 146,8 миллиард теңгені құрайды. Мұнда тұрмыстық және дайын тоқыма өнімдерін шығарылады. Жоба толық іске асқан жағдайда 4 мың жаңа жұмыс орны ашылады. Агроөнеркәсіптік кешеннің жалпы аумағы 39308 шаршы метрді қамтиды. Кешеннің инфрақұрылым жұмыстары жеке инвестор есебінен жүргізілуде.
Осы тұста Түркістан қаласындағы «TURAN» арнайы экономикалық аймағы маңынан су үнемдеу технологияларын пайдалана отырып, мақта талшығынан жіп, мата және дайын тоқыма өнімдерін шығаратын жаңа зауыт салу жоспарлануда.
«Біз мақтаны тек шикізат күйінде ғана емес, дайын өнімге айналдырып, өзіміздің тоқыма өнеркәсібімізді дамыту бағытында жұмыс істеудеміз. Бүгін мақта-тоқыма кластері бойынша алғашқы жобаның нақты жүзеге асырылуының куәсі болып отырмыз. Аталған кластердің жалғасы ретінде, «Turan» арнайы экономикалық аймағында мақтаны терең өңдеу және дайын өнімді экспорттауға бағытталған көпсалалы нысанның құрылысы жүргізілуде. Болашақта made in Turkestan тігін жіптері мен маталары танымал брендтерде сатылатын болады. Осы озық тәжірибе аясында өңірімізде инвестиция тарту жұмыстары жалғасын табады. Облыс әкімдігі тарапынан әрбір инвесторға қолдау көрсетіліп, қолайлы жағдай жасауға әрқашан дайынбыз. Біздің басты мақсатымыз – еңбек адамының тұрмысын жақсартып, ауыл шаруашылығы саласын жаңа деңгейге көтеру» – дейді облыс әкімінің орынбасары Талғат Қозбеков.
Мемлекет тарапынан су үнемдеу технологияларын енгізуге кеткен шығындардың 80 пайызына дейін субсидиялау – шаруаларға жаңа технологияны ендіру жолындағы қолдау әрі үлкен мүмкіндік. Turan» арнайы экономикалық аймағында мақтаны терең өңдеу және дайын өнімді экспорттауға бағытталған көпсалалы нысанның құрылысы жүргізілуде. Толық циклды тоқыма фабрикасында иіру, мата өндіру, бояу, өңдеу бойынша 8 фабриканы іске қосу жоспарланса, оның алғашқысы (жіп иіру фабрикасы) осы жылдың қараша айында жұмысын бастайды. Жылына 13 мың тонна иірімжіп, 50 миллион метр мата, 7 миллион жиынтық төсек орын шығару көзделуде.


