Төлеби аудандық білім бөлімінің мемлекеттік сатып алуда кемшілікке жол бергені анықталды
2025 жылдың шілде айында Түркістан облысы білім басқармасының «Төлеби ауданының білім бөлімі» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны мемлекеттік сатып алуды бағалық ұсыныстарға сұраным тәсілімен жариялаған болатын.
Аталған сатып алуға байланысты Түркістан облысы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаменті камералдық бақылау жүргізді.
Бақылау нәтижесінде сатып алудың техникалық ерекшелігінде нақты өндіруші – «Jeil STS, SEUNGHWA» атауы көрсетілгені анықталды. Мұндай талап әділетсіз бәсекелестікке әкеп соғуы мүмкін, себебі ол өзге өнім берушілердің қатысу мүмкіндігін шектейді.
Мемлекеттік сатып алуларда техникалық сипаттамалар жалпыға ортақ, бейтарап түрде жазылуы тиіс. Белгілі бір өндірушінің атауын көрсету арқылы сатып алу процесінің ашықтығы мен әділдігі бұзылады.
Осыған байланысты «Төлеби ауданының білім бөліміне» сатып алу құжаттамасын түзету туралы ресми ескерту жолданды. Қазіргі таңда барлық ескертулер толық орындалып, құжаттар тиісті деңгейде реттелді.
Аталған жағдай мемлекеттік сатып алуда бейтараптық пен ашықтық қағидаттарын қатаң сақтау қажеттігін тағы бір мәрте дәлелдеп отыр.