Түркістан – түркі әлемінің келіссөз орталығы
23-04-2025
Түркістан қаласында ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтті. «Отырар» шағын ауданында халықты қолжетімді бағадағы азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз ету мақсатында ұйымдастырылған жәрмеңкеде тұрақтандыру қорының өнімдері ұсынылды.
Ауыл шаруашылығы өнімдерінің қол жетімділігін қамтамасыз ету мақсатында Түркістан қаласындағы «Отырар» шағын ауданында өткен жәрмеңкеге қала мен облыс аудандарының тауар өндірушілерінің және тұрақтандыру қорының өнімдері шығарылды. Қазір күзгі жиын-терімнің қызған шағы. Биыл диқанның көңілі тоқ. Жер ана да берекесін беріп-ақ тұр. Жер емген диқанға енді апта сайын Түркістан қаласында өткізілетін ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің жәрмеңкесі үлкен қолдау болғалы тұр.
Қала әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасы өкілдерінің айтуынша, жәрмеңкеге жалпы құны 105,2 миллион теңгені құрайтын 128,8 тонна ауыл шаруашылығы тауарлары жеткізілген. Оның ішінде 13 тонна ет (жылқы, сиыр, қой және тауық еті), 2,5 тонна шұжық және 7,3 тонна сүт өнімдері бар.
– Түркістан қаласында алғашқы ауыл шаруашылығы жәрмеңкесін ұйымдастырып отырмыз. Ендігі кезекте, бұдан былай да жәрмеңке Түркістан қаласындағы шағын аудандарда апта сайын жалғасып отырады. Енді 3 қазан күні «Бірлік» секторында Сайрам және Отырар аудандары кәсіпкерлерінің ауыл шаруашылығы өнімдері жәрмеңкесін өткізу жоспарлануда. Бекітілен кесте бойынша аудан мен Түркістан қаласының ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері кезекпен қатысады. Бір атап өтерлігі бұған дейін белгіленген аудандардан бөлек, өз белсенділіктерін танытып, жәрмеңкеден қалыс қалмай өз бетінше қатысып жүрген шаруа қожалықтары да аз болған жоқ. Мұндай мүмкіндік биыл да жасалады. Диқандарға берілген осы мүмкіндікті шаруалар да ұтымды пайдаланып қалуға тырысып, өнімдерін өткеруде. Жоғарыда аталған ауыл шаруашылығы өнімдерінен бөлек, бұл жәрмеңкеге құс фабрикаларынан 8 мың дана жұмыртқа, 3 тонна қант, 2,6 литр өсімдік майы, 0,5 тонна кондитерлік және 3 тонна макарон өнімдері, 0,1 тонна тұз, 4 тонна балық, 6 тонна ұн, 2,4 тонна бал және 87 тонна жеміс-жидек пен көкөніс өнімдері бар. Бағасы да қол жетімді. Мұндағы барлық тауар нарық бағасынан 15-20 пайыз төмен бағада өткерілді, - дейді сала мамандары.
Жәрмеңкеге келген жұрттың да қарасы қалың. Барлық сөре азық-түлікке, көкөніс пен мал өнімдеріне сықа толып тұр. Алушы да сатушы да дән риза. Өйткені баға жүйелі. Шағын жүк көлігіне картоп, пияз бен сәбіз, асқабақ пен қырыққабатты басып келген шаруа Бейбіт Әбирбеков ауыл шаруашылығы жәрмеңкесінің тұрақты қатысушысы болып шықты. Ол өз жеке шаруа қожалығында күтіп-баптаған өнімін үнемі жәрмеңкелерге әкеліп өткеріп жүргенін айтты.
«Осы кәсіппен айналысқаныма 12 жыл болды. Бұрын баптаған өнімімізді қайда өткерерімізді білмей бүлдіріп алған кездеріміз аз болмады. Ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі біздің негізгі өткізуші орталыққа айналды. Бұған дейін қатысқанымда бір келгенде екі-үш тонна көкөністі бірақ артып алып келетінмін. Бәрі қалмай өтіп келтеді. Жәрмеңкеге қатысқалы бері тұрақты алымсақ та таптым. Үйден де, алқап басынан да келіп алып кететіндер бар. Бір сөзбен айтқанда, биліктің қолдауын сезініп отырмын. Қазір өнімімді қайда өткіземін деп қиналмайтын болдым», - дейді кәсіпкер.
Қала тұрғындары да жәрмеңкенің апта сайын өткізіліп тұрғаны құптайды. «Жәрмеңкенің қайта өткізіле бастағаны құптарлық іс. Жылда өзімізге керекті азық-түлікті осы жәрмеңкеге арнайы келіп, керегімді алып тұрамын. Ең алдымен мұндағы өнімнің барлығы табиғи. Бағасы да қол жетімді. Жеміс-жидектер де, картоп пен пиязды да қабымен алып, үйге қайтып барамын», - дейді қала тұрғыны Лаура Құрманбек.
Жалпы қала тұрғындарға жәрмеңкеде нарықтағы бағадан 30–50 пайызға төмен бағада ұсынылған тауарды қаптап алып жатты.