Мақсат – тең мүмкіндіктер қоғамын құру
Мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қолдау және олардың өмір сүру сапасын арттыру - мемлекеттік саясаттың басты бағыттарының бірі болып табылатынына Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев әрдайым назар аударады.
Облысымызда ерекше қажеттіліктері бар 100 мыңға жуық адам тұрады екен. Яғни, аймақтағы әрбір 20 адамның бір осы санатқа кіреді деген сөз. Дегенмен, елімізде "Кедергісіз орта", "Тең мүмкіндіктер" секілді ауқымды бастамалар белсенді түрде іске асырылып жатқанына қарамастан әлі де мүгедектердің құқығын қорғау, оларға жағдай жасау бағытында кемшіліктер баршылық.
Инклюзивті қоғам құру - «AMANAT» партиясының «Кедергісіз келешек» жобасы аясындағы басты мақсаттардың бірі. Әр адамға тең мүмкіндіктер беретін қол жетімді орта қалыптастыруға бағытталған бұл бастама
Жуырда «АМАНАТ» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Алтынсары Үмбетәлиевтің қабылдауында бірқатар қоғам белсенділері болып, ерекше қажеттілігі бар азаматтарды қолдауда қол жетімді ортаны қалыптастыру мәселелер талқыланды. Атап айтқанда, республикалық «Қамқорлық» мүгедектер қоғамының жетекшісі Дүйсенәлі Жүсіпов, «Шапағат» қорының жетекшісі, Түркістан облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі Еркінбай Шалтан бүгінгі таңдағы өзекті мәселелерге тоқталып, шешу жолдарына байланысты ұсыныстарын жеткізді.
Қол жетімді орта түзу дегенде біз физикалық, әлеуметтік, цифрлық немесе ақпараттық инфрақұрылымның ерекше қажеттілігі бар адамдар үшін кедергісіз әрі ыңғайлы болуын қамтамасыз ету мәселесін ұғынуымыз қажет. Мұндай ортада әрбір азамат өз қабілеті мен мүмкіндігіне сай өмір сүріп, жұмыс істеп, білім алып, қоғамның толыққанды мүшесі бола алады. Жалпы, Қазақстанда инклюзивті ортаны құруға, ерекше күтімді қажет ететін жандарға деген қоғамның көзқарасы түбегейлі өзгергені байқалады. Мәселен, Паралимпиадалық спорт түрлеріне көп көңіл бөліне бастағанын позитивті тенденция ретінде айтып өткеніміз жөн. Әйткенмен, жергілікті атқарушы билік тарапынан ерекше қажеттіліктері бар жандарға көбірек көңіл бөлу керектігі анық. Облыс көлемінде инватакси көлігінің қызмет етіп жатуының тым жеткіліксіздігі, көптеген қоғамдық орындарда, тіпті емдеу мекемелерінде қарапайым пандустардың орнатылмағаны мүгедектігі бар адамдардың жанына батады. Осыған қатысты тиісті орган басшылары тарапына бұған дейін бірқатар ұсыныстарымды жеткізген болатынмын. Бұл саладағы мәселелердің оңтайлы шешілуі депутат ретінде әрдайым назарымда болады.
Ғалымжан Елшібай,
Түркістан облыстық мәслихатының депутаты