Ауыл шаруашылығы алға басты
Агроөнеркәсіп саласы – ел экономикасының тірегі, азық-түлік қауіпсіздігінің негізі.
Бұл бағыттағы жүйелі жұмыс, жаңа технология мен инвестициялық серпін, экспорт көлемінің артуы – ауылдың әлеуетін нақты іспен дәлелдейтін көрсеткіштер. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету – ұлттық қауіпсіздіктің маңызды құрамдас бөлігі» деп атап өткендей, аграрлық секторды дамыту еліміздің басым бағыты болып қала бермек.
Осы орайда, Сайрам ауданы ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерлік саласында биылғы жылдың алғашқы жартыжылдығында бірқатар оң нәтижелерге қол жеткізді. Жалпы өнім көлемінің артуы, инвестиция тартудың еселенуі, экспортқа бағытталған өндірістің дамуы аудан экономикасының тұрақты өсім үстінде екенін айғақтайды.
Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы саласында 2025 жылдың қаңтар-маусым айларында 61 млрд. 573,2 млн. теңгенің өнімі өндірілді. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 3,9%-ға жоғары. Оның ішінде өсімдік шаруашылығы бойынша – 9 млрд. 890,5 млн. теңге, ал мал шаруашылығы бойынша – 51 млрд. 682,7 млн. теңгенің өнімі өндірілген. Осылайша, ауданның ауыл шаруашылығы құрылымдарының жұмысы жалпы өнім көлемінің тұрақты өсімін қамтамасыз етті.
Кәсіпкерлік саласында да қарқынды даму байқалады. Ауданда тіркелген шағын және орта бизнес субъектілерінің жалпы саны – 41 593 бірлікті құраса, оның 39 009-ы нақты жұмыс істеуде. Бұл көрсеткіш өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 110,1%-ға өскен. Осы секторда 68 153 адам жұмыспен қамтылған. Бұл аудан халқының экономикалық белсенді бөлігінің маңызды үлесін білдіреді.
Сонымен қатар, экспорт көлемі де артқан. Жыл басынан бері Сайрам ауданынан 19 115,1 тонна ауыл шаруашылығы өнімі экспортталды. Оның ішінде, 18 664,6 тоннасы мал шаруашылығы өнімдері болса, 450,5 тоннасы өсімдік шаруашылығы өнімдеріне тиесілі. Бұл көрсеткіштер ішкі нарықты қамтып қана қоймай, сыртқы нарықта да сұранысқа ие өнім өндіріп отырғанын көрсетеді.
Инвестициялық сала бойынша да оң серпін байқалуда. Нақты көлем индексі 101,2%-ды құрап, ауыл шаруашылығы негізгі капиталына 1 млрд. 646,8 млн. теңге инвестиция тартылған. Бұл бағыттағы жұмыстарды күшейту мақсатында мемлекеттік қолдаулар, бағдарламалар мен субсидиялар да тиімді іске асырылуда.
Бүгінде ауданда 150 ауыл шаруашылығы кооперативі жұмыс істейді. Оның 78-і сүт бағытында болса, қалғандары мал бордақылау, егін және балық шаруашылығы бағытында жұмыс істейді. Сонымен қатар, 76 өнеркәсіптік жылыжай кешені, 195 жер асты тамшылатып суғару нысаны мен 4 627 гектар алқапты қамтыған 671 шығыс стиліндегі жылыжай тіркелген. Бұл – ауданның аграрлық-инфрақұрылымдық дамуы мен жаңа технологияларды қолдану аясындағы елеулі жетістік.
Сайрам ауданы – ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу бойынша да аймақта алдыңғы қатарда. Ауданда жалпы қуаттылығы жылына 1 300 тонна өнім өңдейтін 11 жүн өңдеу кәсіпорны, жылына 1 500 тонна өнім қабылдайтын 7 сүт қабылдау бекеті, 14 230 тонна қуаттылығы бар 16 сүт өңдеу цехы, 20 110 тонна қуаттылығы бар 8 шұжық өңдеу цехы, 31 438 тонна қуаттылықтағы 9 мал сою алаңы, 1 250 тонна өнімге арналған 3 тері өңдеу кәсіпорны жұмыс істеп тұр. Сонымен бірге, балықты өңдеумен айналысатын 1 кәсіпорын және 5 құс сою цехы бар.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, Сайрам ауданының ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерлік саласы ел Президентінің тапсырмалары мен стратегиялық бастамаларына сай ілгерілеп келеді. Мемлекеттік бағдарламалар мен инвестициялық қолдаулардың тиімді іске асуы, жергілікті еңбекқор тұрғындардың ерен еңбегі мен шаруашылық құрылымдарының белсенділігі нәтижесінде аудан экономикасы жыл санап нығайып келеді. Алда тұрған міндет – осы қарқынды одан әрі үдетіп, экспорттық әлеуетті арттыру, цифрлық ауыл шаруашылығын дамыту және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында бірлесе жұмыс істеу.
С.СӘУЛЕБАЙҚЫЗЫ