Жол жөндеу жұмыстары қарқынды
Сайрам ауданының экономикасы мен инфрақұрылымын дамыту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып келеді.
Бұл – тек облыстық, аудандық деңгейде атқарылып жатқан жобалар ғана емес, сонымен бірге жергілікті тұрғындардың көтерген мәселелеріне назар аударып, оларды нақты шешуге бағытталған әрекеттердің нәтижесінде жүзеге асуда. Соның жарқын мысалы – Қарамұрт ауылдық округіне қарасты Низамабад елді мекенінде орын алған жағдай.
Осыған дейін ауыл тұрғындары ауыр жүк көліктерінің себепкер болуымен көшелердің шаңға көміліп, тұрғындардың тыныс-тіршілігіне және балалардың мектепке қатынауына қиындық туғызып жатқанын айтып, жергілікті билікке өтініш жасаған болатын. Бұл мәселе тұрғындардың ғана емес, тұтас ауылдың тыныштығы мен қауіпсіздігіне тікелей әсер еткен.
Халықтың жанайқайы ескерусіз қалмады. Аудан әкімінің орынбасары Шухратулла Азатуллаұлы Убайдуллаевтың тікелей бақылауымен арнайы жиналыс ұйымдастырылып, мәселеге жауапты тұлғалармен бірге шешу жолдары талқыланды. Жиынға Сайрам аудандық мәслихат депутаты, аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Бахадыр Олжаев, тұрғындар мен жергілікті өндіріс орындарының басшылары қатысты.
Жұмыла көтерген жүк жеңіл демекші, көп ұзамай көтерілген мәселе өз шешімін тапты. Ауыл ішінде асфальт жол төсеу жұмыстары басталып, жағдай жақсара түсті. Ең қуаныштысы – бұл жұмыстың демеушісі ретінде жергілікті кәсіпкерлер мен тас өндірумен айналысатын карьер иелері өз үлестерін қосты. Олар тек жол салып қана қоймай, өз бастамаларымен жаяу жүргіншілер жолын да қатар салып жатыр.
Бұл игі іске «St Қаратас», «Көктал Груп», «Конус и Ком», «Элит Строй», «Ақ Айдар», «Сити Строй», «Қарамұрт Строй» секілді кәсіпорындар демеушілік жасап, ел үшін нақты пайда әкелетін шараларға белсене араласты.
Осындай игі бастамалар Сайрам ауданының экономикасының әртараптануы мен жергілікті кәсіпкерліктің күшеюінің айқын көрінісі. Кәсіпкерлердің әлеуметтік жауапкершілік танытуы, халықпен тығыз байланыс орнатып, нақты шешім қабылдауы – ауданның экономикалық дамуына жаңа серпін беретіні сөзсіз. Инфрақұрылымның жақсаруы – елді мекендердің тартымдылығын арттырып, жаңа инвестиция мен жұмыс орындарының көбеюіне жол ашады.
Мұндай бастамалар Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының табысты іске асып жатқанын дәлелдейді. Себебі, бұл – халық пен биліктің бір мүддеде әрекет етіп, өзара түсіністік арқылы шешімге келген нақты мысалы.
Низамабадта атқарылған жұмыс – тек жол салу емес, бұл – елге деген жанашырлықтың, жастардың қауіпсіз болашағына деген қамқорлықтың, ортақ іске деген жауапкершіліктің белгісі. Осындай үлгілі істер ауданның экономикалық әлеуетін арттырып, әлеуметтік тұрақтылықты нығайта түсетіні анық.
С.АБЫЛБЕКОВА