Сайрамда жаңа спорт кешені ашылды

Oinet.kz 08-07-2025 15

Сайрам ауданы соңғы жылдары қарқынды дамып келе жатқан өңірлердің қатарында. Ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп салаларындағы өсімге қоса, әлеуметтік инфрақұрылым да жүйелі түрде жаңартылуда. 

Screenshot_15.jpg

Бұл өзгерістер ауданның жалпы экономикалық әлеуетін арттырып қана қоймай, тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға мүмкіндік беріп отыр. Осындай ілкімді істердің бірі – Қарасу ауылында ашылған заманауи спорт кешені.

Түркістан облысы, Сайрам ауданына қарасты Қарасу ауылында бой көтерген дене шынықтыру-сауықтыру кешені – аудан экономикасының әртараптануы мен халық игілігіне бағытталған әлеуметтік бастамалардың жарқын үлгісі. Аталған нысанның ашылу салтанатына облыс әкімі Нұралхан Көшеров арнайы қатысып, тұрғындардың қуанышымен ортақтасты.

– «Өңірде әлеуметтік нысандардың саны артып келеді. Халықтың өмір сүруіне қолайлы жағдай жасау бағытында ауқымды шаралар жүзеге асырылуда. Жаңа спорт кешені ауданның спорт саласының дамуына серпін береді деп ойлаймын. Осы ғимараттан ел чемпиондары шыға берсін!» – деді аймақ басшысы.

Салтанатты жиында ауыл ақсақалы Ә.Байназар мен ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы, даңқты бокс бапкері М.Айтжанов та сөз алып, Мемлекет басшысы мен облыс әкімдігінің қолдауына алғыстарын білдірді.

Кешеннің құрылысын Сайрам аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімі тапсырысымен «НурТехСервис» ЖШС 2023 жылы бастаған. Нысан Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан берілетін кепілдендірілген трансферт есебінен салынды. Бұл – ел экономикасының тұрақтылығы мен әлеуметтік салаларға бағытталған мемлекеттік қолдаудың нақты көрінісі.

Жалпы ауданы 646 шаршы метрді құрайтын 2 қабатты спорт кешені 3,2 гектар аумаққа орналасқан. Ішінде бірнеше спорт зал, жаттығу залы, киім ауыстыру және жуыну бөлмелері, қоймалар, медицина және қызметкерлерге арналған кабинеттер қарастырылған. Мұнда гандбол, баскетбол, волейбол, күрес, бокс, гимнастика, жеңіл және ауыр атлетика секілді спорт түрлерімен айналысуға барлық жағдай жасалған. Кешен күніне орта есеппен 60–70 адамды қабылдай алады.

Бұл нысан тек спорт саласының дамуына емес, аудан экономикасына да оң әсерін тигізеді. Жаңа жұмыс орындары ашылып, ауыл жастарының бос уақытын тиімді пайдалануына мүмкіндік туады. Сонымен қатар, спорттық іс-шаралардың ұйымдастырылуы ауылдың ішкі туризмін, кәсіпкерлікті дамытуға жол ашады.

Сайрам ауданында әлеуметтік нысандардың саны жылдан жылға артып келеді. Бұл – мемлекет тарапынан жүргізіліп жатқан экономикалық саясаттың жемісі. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларына сәйкес, еліміздің әрбір өңірінде халыққа қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру – басты міндет. Осы бағытта Түркістан облысында нақты істер атқарылып келеді.

Жаңа спорт кешені – осы игілікті істердің нақты нәтижесі. Ауданның әлеуметтік-инфрақұрылымдық дамуы әрі қарай да жалғасын тауып, Сайрамның экономикасына тың серпін берері сөзсіз.

С.АБЫЛБЕКОВА

Сайрамда 32 отбасына пәтердің кілті табысталды
Жол жөндеу жұмыстары қарқынды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу