Жаңа спорт кешені – дамуға бағытталған инвестиция

Oinet.kz 13-06-2025 4

Сайрам ауданында халықтың өмір сапасын жақсарту мен әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту бағытында нақты істер жүзеге асуда. 

Screenshot_44.jpg

Солардың бірі – Қарасу ауылында бой көтеріп жатқан жаңа спорт кешені. Бұл тек дене шынықтырумен айналысатын орын ғана емес, сонымен қатар өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына оң серпін беретін маңызды жоба.

Жалпы ауданы 600 шаршы метрден асатын екі қабатты нысан – заманауи талаптарға толық жауап береді. Қазіргі таңда құрылыстың негізгі кезеңдері, атап айтқанда, іргетасы, қабырғалары мен шатыры толық аяқталып, ішкі әрлеу жұмыстары жүргізілуде. Жастардың спортпен айналысуына ыңғайлы жағдай жасау үшін кешенге соңғы үлгідегі құрал-жабдықтар орнатылмақ.

Аудан әкімі Арман Сабитов құрылыс алаңына арнайы барып, жұмыс барысымен танысып шықты. Ол мердігер ұйымға сапа мен мерзім талаптарын қатаң сақтау қажеттігін ескертіп, кемшіліктерді жою жөнінде нақты тапсырмалар берді. Бұл жоба – мемлекет тарапынан спорт саласына тартылып жатқан инвестицияның айқын дәлелі. Бір жағынан жастарды спортқа баулу арқылы салауатты ұрпақ тәрбиеленсе, екінші жағынан жаңа жұмыс орындары ашылып, жергілікті кәсіпкерлер құрылыс және қызмет көрсету саласына тартылып отыр. Бұл экономиканы әртараптандыру мен халықтың өз күнін өзі көру деңгейін арттыруға да үлес қосады. Сонымен қатар, жаңа кешен ауыл тұрғындарының бос уақытын тиімді өткізуіне жағдай жасап, жастарды зиянды әрекеттерден сақтауға да ықпал етеді. Яғни, бұл – әлеуметтік тұрақтылықты нығайтатын маңызды фактор.

Қарасу ауылындағы спорт кешенінің құрылысы – Сайрам ауданында жүргізіліп жатқан кешенді жұмыстың бір бөлігі ғана. Мұндай жобалар еліміздің ішкі инвестициялық әлеуетін арттырып, халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған. Бұл – «Халыққа жұмыс, елге өнім» қағидатын нақты жүзеге асырудың көрінісі.

С.АБЫЛБЕКОВА

Ауылдан басталған табыс көзі
Айтылған сөз – атқарылған іс
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу