Интенсивті бау - өңірлік экономиканың драйвері

Oinet.kz 12-06-2025 5

Сайрам ауданы бүгінде агроөнеркәсіп саласында инвестиция тарту, өнімнің сапасын арттыру және экспорттық әлеуетті күшейту бағытында айтарлықтай табыстарға қол жеткізіп келеді. 

Screenshot_42.jpg

Ауыл шаруашылығын әртараптандыру, қайта өңдеу саласын дамыту және тұрғындарды жұмыспен қамту – аудандағы экономикалық өсімнің негізгі тетігіне айналған. Бұл ретте кәсіпкерлікпен айналысатын шаруашылықтар мен серіктестіктердің орны ерекше.

2024 жылғы 15 қарашада Астанада өткен Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің форумында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев  агроөнеркәсіп кешенін индустрияландыру, фермерлерге жүйелі қолдау көрсету және аграрлық ғылымды дамыту қажеттігін атап  өткен болатын. Бұл тапсырмалар еліміздің барлық өңірінде, оның ішінде Сайрам ауданында да іске асып жатыр.

Солардың жарқын мысалы – аудан аумағында орналасқан DALA-FRUIT жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. 2012 жылы құрылған бұл кәсіпорын 500 гектар алқапта интенсивті алма бағын өсіріп, жыл сайын 8 000–10 000 тоннаға дейін сапалы жеміс өнімін өндіреді. Көшеттер Италия, Голландия, Түркия елдерінен арнайы жеткізіледі. Бұл – халықаралық сауда-экономикалық ынтымақтастықтың, инвестиция мен технология трансферінің нақты нәтижесі.

Компания өндірген өнімді ішкі нарықпен қатар шетелге де шығаруға бағыт алған. Жемісті тек өсіріп қоймай, өңдеп, қосымша құнды өнімге айналдыру арқылы отандық экспортқа қосылған үлесті арттырып отыр. DALA-FRUIT.KZ брендімен өндірілетін табиғи алма шырыны концентратсыз, ешбір қоспасыз, тікелей сығу әдісімен жасалады. Жарамдылық мерзімі – 1 жыл, ал ашылған соң 30 күнге дейін сапасын жоғалтпайды. Ең бастысы – бұл шырындарды балаларға да ішуге болады.

Заманауи өндірісті сақтап қалу және өнім сапасын төмендетпей жеткізу үшін компания сыйымдылығы 15 300 тонна болатын қоймалармен жабдықталған. Мұнда РГС (реттелетін газ ортасы) технологиясы қолданылады. Бұл әдіс жемістердің табиғи түрі мен дәмін ұзақ уақыт бойы сақтап қалуға мүмкіндік береді.

Компания қазіргі таңда 200-ге жуық адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Маусымдық кезеңдерде бұл көрсеткіш 400 адамға дейін артады. Бұл – ауылдағы жұмыссыздықты азайтып, әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етудің жарқын мысалы. Сонымен қатар, өңір халқының экономикалық белсенділігін арттырып, экономикалық өзін-өзі қамтамасыз етуге жол ашып отыр.

DALA-FRUIT серіктестігі – ауыл шаруашылығындағы жаңашылдық пен жүйелі еңбектің, мемлекеттік қолдау мен жеке бастаманың үйлескен үлгісі. Мұндай жобалар Сайрам ауданында кәсіпкерлікті дамыту, ұлттық экспорттаушыларды қолдау, өнім сапасын арттыру және ауыл экономикасын әртараптандыру жолындағы нақты жетістіктерді айғақтайды.

С.АБЫЛБЕКОВА

​Сайрам ауданындағы экономикалық серпіліс
Ауылдан басталған табыс көзі
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу