Халыққа жұмыс, елге өнім
Сайрам ауданында экономика соңғы жылдары едәуір даму жолына түсті, әсіресе аграрлық секторда маңызды өзгерістер орын алуда.
Ауыл шаруашылығы саласындағы жобалар өңірдің әлеуетін арттырып қана қоймай, ауыл тұрғындарының әл-ауқатын жақсартуға да ықпал етіп отыр. Жергілікті экономиканың тұрақты өсуі мен ауылдың өркендеуі бағытында атқарылып жатқан шаралар оң нәтиже бере бастады.
Аудандағы ең ірі жетістіктердің бірі – заманауи жылыжай кешенінің іске қосылуы. “Eco Invest CO” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі тарапынан салынған бұл жылыжай аумағы 11 гектарды құрайды және ең соңғы технологиялармен жабдықталған. Мұнда қызанақ пен қияр химиялық қоспаларсыз, экологиялық талаптарға сәйкес өсіріледі. Ауа температурасы мен ылғалдылық деңгейі мұқият бақыланып, жылына 6 мың тоннаға дейін өнім алынуда. Өндірілген өнімнің басым бөлігі Ресейге экспортталып, қалған бөлігі ішкі нарықты қамтамасыз етуге бағытталады.
Бұл жоба тек экономикалық тиімділік ғана емес, ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтуға да мүмкіндік беріп отыр. Қазіргі таңда жылыжай кешенінде 200-ге жуық жергілікті тұрғын еңбек етеді. Осының нәтижесінде жұмыссыздық деңгейі төмендеп, әлеуметтік жағдай жақсарады. Сонымен қатар, өнімнің жоғары сапасы мен қолжетімді бағасы нарықта үлкен сұранысқа ие болып, ауданның сыртқы нарықтағы беделін арттыруда.
Жобаның табысты жүзеге асуы ауыл шаруашылығын цифрландыру мен инновацияны енгізу жөніндегі Мемлекет басшысының тапсырмаларының орындалып жатқанын көрсетеді. Заманауи технологиялар мен экологиялық таза тәсілдер ауыл шаруашылығына жаңа серпін беріп, аудандағы экономиканы әртараптандыруға зор үлес қосуда. Бұл – ауылдың, оның тұрғындарының экономикалық тұрғыдан нығаюы мен өркендеуі үшін үлкен мүмкіндік.
Ауданның агроөнеркәсіп саласындағы дамып келе жатқан жобалар ел экономикасына тұрақты өсім әкеліп, ауылдық жерлердің өркендеуіне жол ашады. Бұл – Президенттің «Ауыл – ел бесігі» ұлттық жобасының нақты жүзеге асқан көрінісі болып табылады. Сайрам ауданының экономикасы, ауыл шаруашылығы мен агроөнеркәсіп кешенін дамыту бағытындағы нақты қадамдар ауылдың дамуына, халықтың әл-ауқатын арттыруға ықпал етіп отыр.
С.АБЫЛБЕКОВА