Жаңа жоба - жаңа мүмкіндік
Сайрам – кәсібі мен нәсібі қатар дамыған өңір. Түркістан облысындағы бұл аудан – еңбекқор халқымен, іскер азаматтарымен және тұрақты даму қарқынымен ерекшеленетін, ел экономикасының өркендеуіне нақты үлес қосып отырған өңірлердің бірі.
Ауыл шаруашылығы, қайта өңдеу, кәсіпкерлік және инвестициялық белсенділік бағыттарында Сайрам ауданында соңғы жылдары ауқымды жұмыстар атқарылып келеді.
Ауданның экономикалық әлеуетін көтеру үшін түрлі жобалар жүзеге асырылуда. Соның ішінде, ет өндірісіне жаңа серпін берген ірі жоба – «KAZ ECO MEAT» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қарасты 5000 басқа арналған заманауи мал бордақылау кешені. Бұл кешен тек ауыл шаруашылығы саласындағы жетістік емес, сонымен бірге аудан экономикасын әртараптандыру мен инвестиция тарту бағытында маңызды бастама болып саналады.
Инвесторлар тарапынан тартылған қаражат есебінен заманауи құрал-жабдықтар сатып алынып, кешен толық халықаралық стандарттарға сай жасақталған. Құрылғылардың негізгі бөлігі Беларусь пен Қытайдан әкелінген. Бұл өз кезегінде өндірістік қуатты арттырып, шығарылатын өнімнің сапасын әлемдік нарыққа лайық деңгейге жеткізуге жол ашады.
Кешен тек бордақылау алаңынан ғана тұрмайды. Мұнда мал сою пункті, етті терең өңдейтін жоғары технологиялы цех, қан өнімдерін кәдеге жарату кәсіпорны, сондай-ақ экологиялық талаптарға сай суды қайта өңдеу жүйесі жұмыс істейді. Өндірістің әрбір кезеңі қалдықсыз технологияға негізделген. Бұл – экономикалық тиімділікті арттырып қана қоймай, қоршаған ортаны қорғауға деген жауапкершіліктің бар екенін көрсетеді.
Жобаның тағы бір маңызды қыры – оның әлеуметтік маңызы. Комбинат толық іске қосылғанда кемінде 75 жергілікті тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылады. Бұл – аудан тұрғындарының әл-ауқатын жақсартуға, жұмыссыздықты төмендетуге ықпал ететін нақты фактор. Сонымен бірге, жергілікті шаруалар өз өнімдерін тапсырып, кіріс көзін арттыруға мүмкіндік алады.
Аталған кешен – Сайрам ауданының экономикалық әлеуетін арттырумен қатар, ауыл шаруашылығы өнімдерін ішкі және сыртқы нарыққа бағыттауға, сапалы отандық өніммен қамтамасыз етуге ықпал ететін маңызды нысан. Осындай жобалар арқылы аудан тек өндіруші ғана емес, өнімді өңдеуші және экспортқа бағыттаушы орталыққа айналуда.
Бүгінде өңірлік экономиканы әртараптандыру – уақыт талабы. Сайрам ауданы осы талаптарға сай әрекет етіп отыр. Мемлекеттік қолдау, жергілікті биліктің үйлесімді жұмысы және кәсіпкерлердің белсенділігі нәтижесінде бұл өңір инвестицияға тартымды аймаққа айналды. Мұндай бастамалар өңірлік өнім көлемінің артуына, бюджет түсімдерінің көбеюіне және жалпы аудандағы өмір сапасының жақсаруына ықпал етіп отыр.
Сайрамдағы серпінді жобалар – ел экономикасының нақты тірегі. Кәсібін дөңгелетіп, нәсібін арттырған аудан алдағы уақытта да ұлттық экономиканы әртараптандыруда жетекші рөл атқаратыны сөзсіз.
С.АБЫЛБЕКОВА