5000 бала демалатын "Алатау" лагерінің лентасы қиылды

Oinet.kz 30-06-2025 20

Төлеби ауданы  Тасарық елді мекенінде  балаларды  жыл он екі ай қабылдайтын   «Алатау» лагері ашылды. 

1000383985.jpg

Ал бұған дейін осы ғимаратта   жұмыс істеп келген  арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы жуырда  Сауран ауданындағы жаңа 50 орындық оңалту орталығына көшірілді. Көп жылдан бері қызмет етіп келген бұл мекеме бір кездері республикалық мәртебеге ие болған. Еліміздің түкпір-түкпірінен келген 200-ге жуық мүмкіндігі шектеулі балаларды оқытып, профилактикалық емдеу шараларын көрсетумен шұғылданған. Соңғы жылдарда тәлімгерлер саны 40-50 балаға дейін азайды.

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына қарасты бұл мекеме Сауранға көшкен соң босап қалған ғимараттың тағдыры төңірегінде түрлі ой-ұсыныстар айтыла бастады.  Біреулер спорт нысанына айналдырғанды жөн көрді, енді біреулер медицина саласына беру жайлы ұсыныс көтерді. Мәселе  облыстық мәслихаттың тұрақты комиссиясы мен сессиясында талқыға түсті.

1000383983.jpg

Айта кетерлік жайт -  мекеменің басқа қонысқа көшуіне байланысты осы төңірекке жақын орналасқан 10 шақты елді-мекенде тұратын  жүз елуге жуық қызметкер  мен ондағы білім беріп жатқан ұстаздардың жұмыссыз қалу қауіпі туындады.  Сол себепті әлеуметтік орталықта бұған дейін еңбек етіп келген қызметкерлерді жұмыспен қамту жағын қарастыру қажет болды.

Осы мәселе жөнінде Тасарық ауылында бірнеше  рет көшпелі қоғамдық қабылдау өткізіп, тұрғындардың өтініш-тілектерін тыңдадым. Ақыры айтысып-тартысып жүріп,  мұнда балалар лагерін ашуға қол жеткіздік.  Міне, өткен аптаның жұмасында  «Алатау» балалар лагері есігін айқара ашып, өз жұмысын бастады. Салтанатты жиынға облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев, Төлеби ауданының әкімі Еркеғали Әлімқұлов, аудандық мәслихат төрағасы Нұрлан Қойбағаров, "Amanat" партиясы Төлеби аудандық филиалының  атқарушы хатшысы Шырынбек Оңғаров, аудандық білім бөлімінің меңгерушісі Бегайдар Тойлыбаев, осы мәселенің оң шешілуіне атсалысқан ел жанашыры, қоғам белсендісі Өмір Шыныбекұлы  және басқа да лауазымды азаматтармен бірге қатысып, жаңа демалыс орнының лентасын қидық. Осы бастамаға қолдау білдірген облыс әкімі Нұралхан Көшеровке алғыс айтамыз.

1000383981.jpg

13 гектардай жерді алып жатқан нысанның әлеуеті жоғары. Ғимарат ағымдағы жөндеуден өтіп, жаңа 270 шаршы метрлі бассейн салынды. Лагерь аумағында асхана, акт және спорт залы, жазғы концерт алаңшасы бар. Қазір мұнда бір мезетте 300-ге жуық баланы қабылдай алатын мүмкіндік  бар. Облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаевтың айтуынша, алдағы уақытта қосымша модульді ғимараттарды  қосу арқылы   демалатын балалар санын 600-ге дейін жеткізу көзделіп отыр. Нәтижесінде мұнда  жыл сайын 5 мыңдай оқушының демалып, білім алуына мүмкіндік болады.
«АМАНАТ» партиясының сайлауалды бағдарламасында орта мектеп базасында зиялық ұрпақ тәрбиелеу мәселесіне көңіл бөлініп, оның ішінде балалар демалысын жаңартылған балалар лагерінде өткізетіні жайлы міндет қойылған. Тарыдай оқушыдан таудай тұлғаны тәрбиелеу міндеті тек ата-анаға жүктелмейтініне мән берілген.  Міне,  биылдың өзінде Түркістан өңірінде 5 мемлекеттік лагерьде 52 модульді нысанның құрылысы жүргізілген екен. Лагерьдегі оқушылар ұлттық, спорттық, экологиялық, туристік, танымдық, шығармашылық жалпы барлық бағыттарда дамиды. Түрлі мәдени-рухани іс-шаралар, экспедициялар ұйымдастырылады.
  Сондай-ақ, алдағы уақытта осы «Алатау» лагерінің маңында  этноауыл ашып, туризмді дамыту бойынша да жоспар  бар. Демек,    балалар лагері тек облыста емес, Қазақстан көлеміндегі мақтаулы демалыс орындарының біріне айналады деген үміт те жоқ емес.   Өз кезегімізде бұрынғы мекеме қызметкерлерінің де осы лагерьге жұмысқа алынуы мәселесін де бақылауда ұстайтын боламыз.
Ғалымжан Елшібай,
Түркістан облыстық мәслихатының депутаты
Мақсат – құқықтық сауаттылықты арттыру
Айдарға кіру
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу