Кәсіптік білім иелері – ел болашағы
Мемлекет басшысы IV Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде кәсіби техникалық колледждер жаңа мамандықтарға сұранысты және еңбек нарығындағы жағдайды ескеруге тиіс деген болатын. Президенттің тапсырмасын орындау барысында нарық сұранысына сәйкес, Жамбыл облысында жаңа мамандықтар ашылып, колледждер лицензия алу үстінде. Ол үшін колледждердің материалдық техникалық базасын нығайтып, өндірістен мамандар тартылуда.
28 мыңнан астам студенті бар Әулиеата өңірінде қазіргі таңда 42 колледж бар. Оның 20-сы мемлекеттік, 22-сі мемлекеттік емес. Жыл сайын облыста 4 мыңға жуық түлектер оқуын аяқтайды. Түлектерді жұмыспен қамту деңгейі 82 пайызды құрап отыр.
«Президент Ұлттық Құрылтайда: «Жастардың мүмкіндігін арттырып, кәсіби бағыт-бағдар беруге баса назар аудару қажет. Олардың сұранысқа ие жұмысшы мамандықтарды меңгеруіне жағдай жасау керек» деген болатын. Президенттің бастамасына сәйкес бүгінгі күні өңірде «2025-Жұмысшы мамандықтар жылына» орай өңірлік жол картасы бекітіліп, арнайы жұмысшы топ және штаб құрылды. Жол картасында 250-ге жуық ірі іс-шара, оның ішінде өңір үшін маңызды 23 іс- шара белгіленген. Атап айтар болсақ келесі жылы облыста 230 орынға арналған студенттік жатақхана және 7 ауқымды колледждерде кешендер ашылмақ. Сонымен қатар өңірге қажетті жаңа мамандықтар және шетелде білім беру ұйымының филиалдарын ашу жоспарланып отыр. Кәсіптік білімді жетілдіру мақсатында өңірде «Жаңа мамандықтар атласы» бекітілген. Қазіргі таңда өңірге қажетті жаңа және жойылатын мамандықтардың тізімін анықтау жұмыстары жүргізілуде. Биылғы жылы облыста екі жаңа мамандық оқытылатын болады. Оның біреуі «сумен жабдықтау, су бұру жүйелерін тазарту құрылыстарын пайдалану» мамандығы. Ол Жамбыл политехникалық жоғары колледже ашылады. Екінші «жануарлар мен құстарды жасанды ұрықтандыру операторы» мамандығы №3 Байзақ колледжінен ашылатын болады»,- дейді Жамбыл облыстық білім басқармасының бөлім басшысы Алтынай Жайлышева.
86 жылдық тарихы бар Жамбыл индустриалды-технологиялық колледжін жыл сайын орташа есеппен 100-120 түлек бітіріп шығады. Оқу орны бүгінгі таңда техникалық және технологиялық бағытта мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде 100 пайыз жұмысшы мамандарын даярлайды. Колледж директоры Дәурен Түменбаев Мемлекет басшысының Ұлттық құрылайда көтерген кәсіптік білім беруді дамыту мен жұмысшы мамандықтарды қолдау тапсырмасы еліміздің білім саласы мен экономикасының дамуына септігін тигізеді деп есептейді.
«Президенттің кәсіптік білім беруді дамыту бастамасы – ел болашағы үшін аса маңызды. Қазіргі еңбек нарығы білікті мамандарды талап етеді, ал кәсіптік білім осы қажеттілікті өтеудің тиімді жолы. Жастардың жұмыссыздық деңгейін төмендетіп, экономиканың дамуына серпін береді. Жұмысшы мамандықтардың қоғамдағы беделін арттыру мақсатында колледждің материалдық-техникалық базасы жылдан-жылға нығайтылып келеді. Жас маман жобасы аясында «Дәнекерлеу ісі», «Автомобиль жолдары мен аэродромдар құрылысы және пайдалану» мамандықтары бойынша материалдық база жаңартылып, заманауи жабдықтар алынған. «Пісіру технологиялары» құзіреттілік орталығында студенттер теориялық білімін тәжірибемен ұштастырып, кәсіби шеберліктерін шыңдап келеді»,- дейді оқу орнының басшысы.
Дәурен Қыдырбекұлының айтуынша бүгінгі таңда оқу ордасында техникалық, технологиялық бағытта 6 мамандық бойынша мамандар дайындалуда. Колледжде жалпы 416 студент мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде білім алуда. Мұнда «Дәнекерлеу ісі», «Автомобиль көлігіне техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану», «Нан пісіру, макарон және кондитер өндірісі», «Автомобиль жолдары мен аэродромдар құрылысы және пайдалану», «Есептеу техникасы және ақпараттық желілер», «Электр жабдықтары» мамандықтары оқытылады.
Өткен жылы 6 мамандық бойынша колледжді бітірген 132 түлектің 118-і, яғни 89 пайызы алғашқы жылы жұмысқа орналасқандар мен қамтылғандар үлесін құраған. Бітіруші түлектерге кепілдендірілген жұмыс орындарын беру мақсатында 2023 жылы 7 кәсіпорынмен 25 студент, былтыр 10 кәсіпорынмен 30 студент келісімшартқа отырып, мақсатты оқу гранттары негізінде білім алуда. Студенттер оқу барысында өндірістік тәжірибелерді аталған кәсіпорындарда өтіп, оқуын аяқтағаннан кейін сол кәсіпорындарға жұмысқа орналастырылатын болады.