«Киелі мекен»: Ордабасыда көне Ишанбазар мешітінің аумағында көгалдандыру жұмыстары жүрді
Ордабасы ауданы Шұбар ауылдық округінде «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясының «Киелі мекен» апталығы аясында 19 ғасырдың сәулеттік ескерткіші - Ишанбазар мешітінің айналасында тазалық жұмыстары жүргізілді.
Көгалдандыру жұмыстарын аудан орталығындағы Қажымұқан атындағы облыстық спорт музейінің қызметкерлері ұйымдастырды. Бүгінде кесене аумағына 500 түп тал көшеті отырғызылып, әрлеу жұмыстары атқарылды.
Ишанбазар мешіті — Ордабасы ауданындағы Аққойлы елді мекенінің солтүстік шығысында орналасқан. Мешітті 19 ғасырдың соңы мен 20 ғасырдың басында Бұхара қаласында 30 жылдан аса діни сабақ алып, ишан деген құрметті атты иеленген Егемберді есімді азамат салдырған. Онда өз заманында діни, қоғамдық, мәдени шаралар өткен. Тіпті сауда орындары қойылып, жұрт базарға жиналған. Ел мерекелерде күрес, бәйге сынды ұлттық ойындар тамашаланған. Ескерткіштің «Ишанбазар мешіті» аталуының себебі осында. Кейінірек «Аққойлы медресесі» аталған.
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі