Арыс қаласында 100 жыл толған мектеп бар

Oinet.kz 15-11-2022 439

Биыл Арыс қаласындағы мектептердің қарашаңырағы – С.Қожанов атындағы жалпы орта мектебінің ашылғанына жүз жыл толды. Күллі қазаққа аяулы Дулат Исабековтей ұлт руханияты мен әдебиет саласында орны бөлек талай текті ұлдар түлеп ұшқан алтын ұяның бір ғасырлық мерейтойы сән салтанатпен аталып өтті.

Screenshot_34.jpg

Білім ордасының мәдениет залында өнерпаз оқушылар әсем әндер орындап, мың бұрала би биледі. Сәні мен салтанаты жарасқан сахнада сөз алған қала әкімі Гүлжан Құрманбекова қала тұрғындары мен мектеп ұжымын құттықтап, озат оқушы тәрбиелеуде озық деп танылған тәлімгерлерге арнайы төсбелгі мен алғыс хат табыстады.

- Жүз жылдық тарихы бар мектепте ауыз толтырып айтар жетістіктер жетіп артылады. Басшы да, ғалым да, кәсіпкер де, спортшы да, ақын-жазушы да қанаттанып шыққан білім ордасы – С.Қожанов мектебінің 100 жылдық мерейтойы құтты болсын. Тарихы бай білім ордасының жетістігі алдағы уақытта да толағай болсын дейміз. Сіздерге өскелең ұрпақты тәрбиелеу жолындағы еңбектеріңіз үшін алғыс айтамын,  - деді Гүлжан Мамытқызы. 

Одан кейін, мектеп директоры Аманғали Жұмабеков және ұстаз-ақын Роза Сұлтанәлиеваның мектептің жүз жылдығына орай шығарылған «Ғасыр мектебі»,  кітабының тұсаукесер рәсімі өтті. Кітапта мектептен түлеп ұшқан ақылы асқан абыздар мен ақындар, ғалым-қайраткерлер мен еңбек ерлері, өнер жұлдыздары туралы мәлімет беріліп, мектептің мақтан ететін ардагер ұстаздары мен шәкірттері туралы баяндалған. 

Іс-шара барысында қала әкімі Гүлжан Құрманбекова мектеп оқушыларының туындылары қойылған көрмемен танысты. Шаһар басшысы жас қолөнершілердің қолынан шыққан бұйымдарды көріп, жергілікті ісмерлердің туындыларын жоғары бағалады.

Сондай-ақ, қала басшысы аталған мектепте биыл ашылған «FAB LAB» инновациялық зертханасымен танысты. Заманауи зертхана оқушыларға 3D және интерактивті модельдерді жасау, бағдарламалау, құрастыру дағдыларын үйренуге мүмкіндік береді. Компьютерлік бағдарламалармен басқарылатын «ақылды» машиналар әртүрлі материалдарды өңдеп, оларға дайын өнімге қажетті пішін бере алады. Сондай-ақ зертхана барлық білсем деушілерге арнап түрлі бағыттарда: электроника, цифрлық модельдеу, схемотехника және инженерлік жобалау бойынша курстар жүргізеді. Айта кетерлігі, мұндай зертхана Түркістан облысында үш қана ауданда бар.

Жиын соңы концерттік бағдарламаға ұласты. Мектеп оқушылары ән мен биден шашу шашып мерекелік көңіл-күй сыйлады. Сондай-ақ, Арыстың тумалары, «Жайдарман» және веб-сериал арқылы танымалдылыққа ие болған «Миллион» командасы өнер көрсетіп, келушілердің ыстық ықыласына бөленді.

2400 жұмыссыз кәсіптік қайта даярлау курсынан өткен
Кентау қаласы көгілдір отынмен қамтылды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу