2400 жұмыссыз кәсіптік қайта даярлау курсынан өткен
Түркістан облысы Шымкент қаласы әкімдігінің «Халықты жұмыспен қамту» орталығы еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтарды оқытуды үш бағыт бойынша жалғастыруда. «Халықты жұмыспен қамту орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің 2022 жылдың он бір айында «2021-2025 жылдарға кәсіпкерлікті дамыту» Ұлттық жобасы аясында атқарылған жұмыстар ауқымды. Соның бірі еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтарға оқыту.
Шымкент қалалық «Халықты жұмыспен қамту» орталығы мамандарының айтуынша, үш бағытта ұйымдастырылған оқыту курстары өз нәтижесін беруде. Атап айтсақ, бірінші – жұмыс берушілердің сұранысы бойынша оқу ұйымдарында жұмыссыздарға кәсіптік білім беру. Бұл бағытта жыл басынан бері 74 жұмыс берушіден, 29 мамандық бойынша өтінімдер қабылданып, 1632 адам дизайнер, автоэлектрик, кондитер, тігінші, визажист, аспаз және тағы басқа мамандықтар бойынша кәсіптік дағдыларды игеріп жолдама алған. Бүгінде оның 1553-і оқуын аяқтап, жұмысқа орналасқан.
Екінші бағыты – жұмыссыз топты жұмыс берушілердің жұмыс базасында кәсіптік оқыту. Биыл қысқа мерзімді кәсіптік оқыту 32 мамандық бойынша жүргізілген. Оқудың ұзақтығы біліктілік пен дағдылардың ерекшеліктеріне қарай үш ай мерзімге жалғасып, 760 азамат жолдама алған болатын. Бүгінгі таңда жалпы 774 азамат білім алып, тиісті куәлікке ие болған.
Үшінші – skills.enbek.kz онлайн кәсіби оқыту платформасы арқылы кәсіби білім беру. Бұл жүйе бойынша қазіргі таңда оқу курсын 1976 азамат аяқтаған. Бір атап өтерлігі, мұнда талапкерлер 70 пайыз шекті деңгеймен тестілеу тапсырады, онлайн курсты сәтті аяқтап, дағдыларды игеру туралы сертификат алады.
Бұдан бөлек, Шымкент қала бойынша жыл басынан бері 2400-ге жуық азамат кәсіптік білім игерген. Жалпы аталған мүмкіндіктер арқылы жұмыссыз азаматтар, жаңа мамандық игеріп, кәсіпорындар мен мекемелерге жұмысқа орналасуға зор мүмкіндік алып отыр.