Ордабасы ауданында 9 ауыл көгілдір отынның игілігін көруде
Жайлылық дегеніміз – ең алдымен, тұрғын үйдің қолжетімділігі, ауланың әдемілігі мен қауіпсіздігі, тіршілікке және жұмысты істеуге қолайлы елді мекеннің сапалы инфрақұрылымның болуы. Осы бағытта қабылданған мемлекеттік бағдарламалар мен жобалар бүгінде аймақта табысты іске асырылуда.Мәселен, биыл Ордабасы ауданында 57 елдімекеннің 9-ы табиғи газбен қамтылып отыр.
Ордабасы ауданының әкімі Нұрбек Бадырақовтың айтуынша, қазіргі таңда Темірлан, Қайнар, Ынтымақ, Ұялыжар, Қажымұқан, Боралдай, Қызылсеңгір, Ықыластемір, Теспе елдімекендеріне газ берілген. Сондай-ақ 24 елдімекенде құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Барлығы 2023 жылға өтпелі. Жұмыстар толық аяқталған соң 69 952 тұрғын табиғи газға қол жеткізіп, қамту көрсеткіші 57,3 пайызға жоғарыламақ.
- Инфрақұрылым бойынша аудандағы 57 елдімекеннің 48-і таза ауызсу жүйесімен қамтылған. Қамту көрсеткіші - 92,4 пайыз. Ал электр қуатымен ауданның 99 пайызы қамтылып отыр. Аудан көлемінде жалпы автомобиль жолының ұзындығы 1 398,4 шақырымды құрайды. Биыл 1,3 миллиард теңгеге 32,3 шақырымды құрайтын 8 аудандық маңызы бар автомобиль жолына жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жыл қорытындысымен қанағатты жағдайы 71,5 пайызға жетеді, - дейді аудан әкімі.
Бұдан бөлек, биыл ауданда пайдалануға берілген тұрғын үйлердің жалпы алаңы 25 мың 723 шаршы метрді құраған. Сондай-ақ, аудан әкімдігі тарапынан Темірлан ауылындағы тұрғын үй иелерімен келісімдер жасалып, аудандық бюджет есебінен 9 тұрғынның үйі жөндеуден өткен.
- Ауданға есепті кезеңде 26 миллиард 251 миллион теңге инвестиция тартылды. Бұл былтырғы жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 10 миллиард 955 миллион теңгеге артқандығын көрсетіп отыр. «Бадам» индустриалдық аймағында жалпы құны 21 миллиард 234 миллион теңгені құрайтын 310 жұмыс орнымен 6 жоба орналасқан. Оның ішінде 170 жаңа жұмыс орнымен 4 жоба іске қосылған, - деді Нұрбек Бақтыбайұлы.
Аймақта ауыл шаруашылығы саласында 9 айда 53 миллиард 818 миллион теңгенің өнімі өндіріп, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 3 миллиард 446 миллион теңгеге артқан. Жалпы ауданда атқарылған жұмыстардың нәтижесінде 2022 жылдың 9 айында өндірілген жалпы өңірлік өнім көлемі 97,5 миллиард теңгені құраған.
Ал өнеркәсіп саласында жұмыс істейтін 40 кәсіпорынесебінен тоғыз айда 21 миллиард 190 миллион теңгенің өнімі өндірілген.