Аққолтық ауылының 70 жылдығы тойланды
Созақ ауданының кіреберіс қақпасы іспетті, Жартытөбе ауылдық округіне қарасты Аққолтық елді мекенінің 70 жылдық мерейтойы тойланды.
Қаратау баурайы, Мойынқұм қойнауы, Бетпақ дала – Арқа жайлауы. Қазаққа ғана емес, адамзатқа ата-мекен! Дәйекке дәлел – Қаратау тарихы, тас ғасырындағы тіршілік таңбалары...
Бұл аймақ қазір – Созақ аталады. Аудан – Ұлы Тұранның бесігі – Түркістан облысының тең жарымына жуығын алып жатыр. Уран өндіруден Қазақстан әлемде 1-орын болса, қымбат кен осында өндіріледі.
Әлқисса.. 1952. Көлбей жатқан таудың етегіне ауылдың қазығы қағылыпты. Баурайы алыстан ақшаңқан тартып жатқан соң ел о жерді Аққолтық атайды екен. Қысқасы, атау – тоқалға емес, тауға қатысты. Қазақ ат қойғыш. Оған дейін де аспаннан түспеген
Аққолтық ауылының орталығында ауылдың апталды азаматтарының бастамасымен қайта қалпына келтірілген «Жастар» саябағының лентасы қиылып, шырша көшеттері отырғызылды. Аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков, ауыл тұрғындары мен қонақтарын құттықтады.
- Қазіргі таңда Жартытөбе ауылдық округіне қарасты, қазыналы Қаратаудың етегінде орналасқан, өзіндік қалыптасқан тарихы бар Аққолтық ауылы биыл 70 жылдық мерейтойын атап өтуде. Жартытөбе ауылдық округіне қарасты бұл ауылда бүгінде 170-ке жуық отбасы, 1240 тұрғыны бар. Бүгінде Тәуелсіздік таңында жайнап жасарған ауылда, жаңа әлеуметтік нысандар мен тақтайдай тегіс жолдар салынып, заман талабына сай дамып келеді, - деді ол.
Ауыл азаматтарының бастамасымен «Жастар» саябағының жобасы қолға алынып, абаттандырылған. Бұдан бөлек, ауыл кәсіпкерлерінің демеушілігімен елді мекенге кіре берісте жеміс көшеттерін отырғызып, ауыл әкімшілігі арқылы үлкен бауға айналдырылды. Елді мекенде 9 көше болса, оның 3-еуіне асфальт жабыны төселген. Қалған 6,3 шақырым жол алдағы жылы асфальттауға ұсынылған. Елді мекен таза ауыз сумен қамтамасыз етілген. 2016 жылы ескі мектеп жаңартылып, 200 орындық орта мектеп пайдалаунға берілген, бір жеке меншік бала бақша сондай-ақ осы жылы желтоқсан айында ауылдық клуб пайдалануға берілетін болады.
Қ.Әлібиев, Қ.Кемелұлы, Қ.Арқабаев көшелері көше жарығымен жарықтандырылған. Бүгінгі «Жастар саябағы» аталып отырған орынға аудандық бюджет есебінен 2019 жылы кіші футбол алаңы, 2021 жылы «Қаз атом өнеркәсіп» АҚ-ның демеушілігімен балалар ойын алаңшасы салынған болатын.