Өнеркәсіп өндірісі артып келеді

Oinet.kz 11-11-2022 274

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында шағын және орта бизнеске қолдау көрсету мәселесіне ерекше назар аударғаны белгілі. Бұл бойынша Төлеби ауданында жоспарлы жұмыстар атқарылып, кәсіпкерлік сала жақсы даму жолына түскен.

Screenshot_36.jpg

Таулы аудан өнеркәсібінің негізгі бағыты жеңіл және тамақ өнеркәсібі. Бұл бағыттағы аудан потенциалы өте мол. Азық-түлік өнеркәсібінде өнім өндіру көлемі жыл сайын өсіп келеді. Экономиканың басты көрсеткіші болып табылатын жалпы өңірлік өнім көлемі ағымдағы жылдың он айында 95 миллиард теңгені құрады. 

Аудан аумағындағы кәсіпкерлік саласын дамыту бағытында бірқатар жұмыстар атқарылуда. Президент те биылғы Жолдауында шағын және орта бизнеске қолдау көрсету мәселесіне ерекше назар аударды. Сондай-ақ, экономикамыздың басты тетігі болып табылатын кәсіпкерлік саласын дамыту үшін кәсіпкерлерге жеңілдетілген несие беру, әкімшілік кедергілерді жою және тиісті инфрақұрылыммен қамтамасыз етуді тапсырды. Қазіргі кезде, ауданда аталған мәселелер бойынша тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр.  

Бүгінгі таңда кәсіпкерлік саласында жұмыс істеп тұрған субъектілер саны 7882. Бұл салада жұмыспен қамтылғандар саны – 16699 адам. Кіші және орта бизнесті дамыту үшін жыл басынан жеке азаматтарға 3 миллиард 921 миллион теңгенің несиесі берілген. «Бизнестің жол картасы-2025» бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға мемлекеттік гранттар беру бойынша ауданнан 38 жоба қатысып, оның ішінен іріктеуден жалпы 10 миллион теңгеге 2 жоба өтті. Жобалар жылдың соңына дейін «Даму» қоры арқылы қаржыландырылады.

Аудандағы өнеркәсіп өндірісінің  өркендеуінің бір көрінісі Киелітас ауылдық округінде орналасқан «КазахБитум» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің мұнай өнімдерін өңдеу зауытындағы үздіксіз полимерді модификациялау цехының ашылуы. Цех өндіретін өнім,  бұл жол жөндеу жұмыстарына қолданылатын ерекше қоспа. Ауа-райының кез келген температурасына бейім, жол төсенішінің біркелкілігін және оны түрлі деформацияланудан сақтайды.

Қазіргі кезде Түркістан облысында жүріп жатқан құрылысқа отандық құрылыс материалдарын пайдалануға басымдық берілуде. Мемлекет басшысы автожол құрылысына, соның ішінде жергілікті жолдардың сапасына баса мән беру керектігін айтып, 2025 жылға дейін жолдардың кемінде 95 пайызын жақсарту жөнінде тапсырма берсе, аудан аумағында жұмыс істеп тұрған зауыттың жұмысын жандандыру жоспарлануда.

Студенттер алаңда
Батырға деген құрмет ерекше
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу