Жаңа автобөлшек сауда орталығы ашылды
Сарыағаш ауданында кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыруға тұрақты негізде жұмыстар жүргізіліп, жаңа жұмыс орындарын ашуға, кәсіпкерлік субъектілерінің жұмыс істеуіне жағдай жасалуда. Бүгінгі таңда аудан бойынша 17410 кәсіпкерлік субъектісі жұмыс істеуде.
Осы субъектілерде жұмыс істейтін адамдар саны 38 500 жетіп, өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 3,5 пайызға артқан. Өндірілген өнім көлемі және көрсетілген қызмет пен жұмыс көлемдері 75 миллиард теңге болып, өткен жылмен салыстырғанда 3,6 пайызға жоғарылаған.
Жеке кәсіпкерлердің қолдауымен Сарыағаш қаласында заманауи үлгідегі автокөлік бөлшектерін саудалауға арналған «TOLEGEN ATA AVTOMARKETI» ашылды.
Сауда орталығы ғимаратының жалпы алаңы 5200 шаршы метрді құрайды. Мұнда 156 сауда дүңгіршегі орналасып, тұрғындарға ыңғайлы жағдайлар жасау мақсатында жеделсаты (лифт) және эскалатормен қамтамасыз етілген.
Жаңа сауда орталығының ашылу салтанатына аудан әкімі Мұхит Отаршиев арнайы қатысып, лентасын қиды.
- Бүгін ауданымызда заманауи үлгідегі автокөлік бөлшектерін саудалауға арналған сауда орталығы ашылып отыр. Жыл сайын аудан кәсіпкерлері өз кәсібін ашып, көптеген жұмыстар атқаруда. Сондықтан біз осындай азаматтарды қолдауымыз керек. Алдағы уақытта аталған нысан 400-ге жуық аудан тұрғынын тұрақты жұмыспен қамтып, жұмыссыздық мәселесін шешуге өз септігін тигізері сөзсіз. Аудан кәсіпкерінің бастаған кәсібі дамып, жаңа орталық халық игілігіне қызмет етеді деп сенеміз. – деді аудан әкімі.