Шәмшінің шарапаты
Қазақ десе есімізге Абай түссе, қазақ әндері десе міндетті түрде Шәмші келетіні өтірік емес. Осы шәмшінің шарапатын көрген жанның бірі Сауран аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесінің кітапханашысы Күлжахан Примханова.
Осы салада еңбек етіп жүргеніне 36 жылдан асқан ол Шәмшінің өнерін әркез оқырман арасында насихаттап келеді. Жақында кітапхана оқырмандарымен «Қазақ вальсінің королі» және «Қазақ үшін Шәмші - мәңгілік есім» атты кеш өткізіп, оқырман құрметіне бөленген еді.
- Әрбір адам өмірдің жаңа парағына аяқ баспас бұрын, шабыттандырған, ерік жігерін оятқан жан болады. Сол секілді менің де санама әсерін тигізген ынталандырған жан бар. Ол қазақ вальсінің королі Шәмші Қалдаяқов. Қолымнан жетектеп оқуға алып барғаны әлі есімде. Оның керемет әндерін білмейтін жан жоқ болар.
Бұл мың да тоғыз жүз сексен төртінші жылы болатын. Мен он жылдық мектепті бітіріп арман қуып, Жамбыл (қазіргі Тараз ) қаласына жол тарттым. Мектепті бітірген бала ата-ананың өмірге енді аяқ басқалы тұрған сәбиі сияқты. Қайда барамын,кім боламын? деген сауал тұрғаны рас. Менің де арманым адам өміріндегі маңызды шешімдерінің бірі оқу оқып, саналы болу. Ата-анамның келісімі бойынша қаланы көрсін, балаларым ауылда өсіп ұяңдау болды» - деп Жамбыл (қазіргі Тараз) қаласында тұратын Абдулла нағашы ағамның қолына жіберді. Кездейсоқтық па, әлде тағдыр ма, Жамбыл қаласынан қазақ вальсінің королін көру бұйырыпты», - деп ол кездесуін осылай естелік айтумен бастаған.
Оқырман үшін ұлы компазитр Шәмшінің шарапатын көрген апайдың естелігі одан бетер қызықтыра түскен. «Жамбыл қаласына кешке күн батқанда нағашы ағамның үйіне жеттік. Бізді үйде аға мен жеңешеміз күтіп алды. Төрінде бір кісі отырды бұл композитор Шәмші Қалдаяқов болатын. Кішкентайымнан әндерін радиодан кейін теледидардан тыңдап өскенмін. Ол кісі менің әкеммен аман-саулық сұрасты. Марқұм әкем қалбалақтап келген жағдайын айтып, біраз әңгімелесті. Әңгімесі жұмсақ, өзі кісіге жұғымды өте қарапайым кісіні тұңғыш көрдім. Ол кісі біздің үйге жиі келіп тұрды. Шәмші ағамыз Жамбылдың түбіндегі жапырағы жайқалған, суы сылдырлап аққан табиғаты тамаша дүнгендер қоныстанған ауылда тұратын. Негізі жеңешем Мария дүнген қызы еді. Шәмші аға-жеңешеммен аралас-құралас достықтары берік жандар болатын. Ол кісі келгенде мәз болып қалатынбыз. Шәмші ағамыз шахматқа қызығатын, келгенде қолында шахмат тақтасын әкелетін де, қоңыржай дауысымен «Қорлан» әнін ыңылдап айтып, сары янтарь түсті мүштегін алып ұнтақ салып тұтатып тапжылмай ойда отыратын. Басында қоңыр қазақтың ою өрнегімен өрнектелген тақиясы, ашық қоңыр түсті жейдесі, сары қызыл (розовый) көйлегі болатын. Жейде, көйлектерін, киімдерін жуып беремін, кейде үтіктеймін. Менің үтіктегенім ұнамай қалғанда: «Шалбардың қыры бидайдың шетіндегі сызығындай болуы керек»- деп маған үйрететін. Өте мәдениетті, асып-таспайтын, даңқы дүрілдеп тұрса да өзін қарапайым ұстайтын жан еді» деді.
«Одан ары қарай не болды?» деген сұрақты оқырманның, яғни кешке қатысушылардың жүзінен аңғару қиын емес-ті. «Мен оқуға түсе алмадым» деді Күлжахан. Кеш қонақтары абдырап қалды, «әңгімеңіз осымен бітті ма?» дегендей. Жоқ, Күлжахан әңгімесін қайта сабақтап: «Содан ауылға қайтатын болдым. Сөйтіп ауылға жиналдым. Киім-кешектерімді жинақтап, дайындалып отырғанымызда Шәмші ағай келіп: «Қызым оқуың не болды түстің ба?» - деп сұрады. «Жоқ түсе алмадым, ауылға қайтамын»,- дедім. Шәмші аға үнсіз отырды да: «Гүлжахан, мен жаңа бір жерден жарнама оқып қалған едім. Мәдени ағарту училищесі кітапханашы факультетіне қабылдап жатқан көрінеді. Сен соны көрші қызым», - деді. Мен: «білмеймін», - деп едім, «ертең таң атса өзім ала барамын», - деді. Ішімнен қуандым. Кішкентай ауылда оқуға түсе алмай қалыпты деген сөз де бар емес па? Иә, содан таңертең Шәмші ағай келіп ағам екеумізді ақ жигули машинасына мінгізіп алды да оқу орнына келдік. Ішке кірсек, екі жас апай күтіп алды. «Қарындастар, сендерге мына қызды оқуға алып келдім қабылдаңдар» дегені сол еді, бірі: «Ағай кешіріңіз, біз бүгіннен бастап қабылдамаймыз. Орын толды», - деп жауап қатты. «Жоқ қабылдайсыңдар, бұл менің қызым» - деді. Не керек, екі емтиханнан өтіп оқуға қабылдандым. Маған ол кісі көп жақсылық жасады, болашағыма жол салып берді. Шәмші ағаның әні естіле қалса, баяғы оқушылық кездерім, студенттік шағым тізбектеліп көз алдымнан өтеді, - деді ол.
Күлжахан Примханованың естелігінен кейін Шәмшінің әндері орындалып, кеш ажары ашыла түсті.