Сайрам ауданының ауылдары «Ауыл – Ел бесігі» жобасымен жаңаруда
Түркістан облысы Сайрам ауданының орталығы Ақсы ауылындағы Құрманбек Жандарбеков атындағы Мәдениет үйі «Ауыл – Ел Бесігі» жобасы аясында күрделі жөндеуден өтті. Тозығы жеткен мәдениет ғимараты толығымен жаңарып, жуырда пайдалануға берілетін болады. Нысан табиғи газ арқылы жылыту жүйесімен қамтамасыз етілген. Бұл туралы Түркістан облысы өңірлік коммуникация қызметі хабарлады.
Сонымен қатар, Сайрам ауданында аталған «Ауыл – Ел Бесігі» жобасы аясында Ақсукент және Манкент ауылдарындағы бір білім беру мекемесі, тағы бір мәдениет және бір денсаулық сақтау нысанына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар екі ауылдық округтегі он жолда орташа жөндеу жұмыстары қарқынды жалғасын табуда.
Бұл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауында айтылғандай, аудандағы мәдениет саласына жасалған зор қолдау.
Айта кетейік, күні кеше Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Аманкелдіұлы Сайрам ауданындағы іс-сапар барысында құрылысы аяқталған бірқатар нысандарды аралап, бақылау жүргізді.