Созақта малға жарық шағылыстыратын алқа тағылады
Түркістан облысы Созақ ауданында бұдан былай әр ірі қара малға жарық шағылыстыратын мойындық тағылатын болады. Өйткені күн бата көлік иелері жол бойында жайылып жүрген төрт түлікті әрең көріп, жол көлік оқиғалары жиі орын алуда. Ал, тағылған жарық алқаның арқасында жүргізушілер мал басын 400 метр жерден байқай алады. Апаттың алдын алуға бағытталған әрекет «Мал – жан Аман» акциясы аясында ұйымдастырып отыр.
Жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру мақсатында аудан әкімдігі ұйымдастырған шараға «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ демеушілік жасап, өтеусіз негізде 15 мыңға жуық жарық шағылыстырғыш таспаларды беріп отыр. Осыған орай жергілікті тұрғындардың қатысуымен жиналыс өтті. Жиында сөз алған Созақ ауданының әкімі Салыхан Полатовтың айтуынша, аймақта мал саны артып келеді. Алайда түнгі уақытта жолға малдың шығып кетуінен оқыс оқиғалар да жиі орын алуда дейді ол.
Шараны халық арасында насихаттау жұмыстары ауылшаруашылық бөлімі, ветеринария мамандары мен жергілікті полиция қызметкерлеріне тапсырылған. Тұрғындар да өз тараптарынан қауіпсіздік шарасына мүдделі екендерін танытты.