Түркиядан сапасы жоғары дәрілер жеткізіледі
Осы аптаның соңына дейін Түркістан облысында 22 түрлі дәрі-дәрмектің 128 мыңнан астам данасы дәріхана сөрелеріне сатылымға шығады. Бұдан бөлек, шілде айының 20-нан кейін Түркия елінен облысқа 41 түрлі еуропалық сапасы жоғары дәрілік заттар жеткізіледі. Мұндай мәліметті Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі таратты.
Облыстағы дәрі-дәрмек жетіспеушілігін жою мақсатында өткен аптада Түркістан қаласына 136 түрлі 2 тонна дәрі-дәрмек келсе, бүгін 20 млн теңгеге 140 түрлі дәрілік препараттар жеткізілді.
Дәріханаға түскен дәрілер шекті бағамен сатылады. Бұл процесті құрамына сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік өкілдері, «Nur Otan» партиясы өңірлік филиалы Төрағасының бірінші орынбасары, басқарма басшылары, әкімдік қызметкерлері және облыстық жастар ресурстық орталығының басшысы кіретін мониторингтік топ бақылайды.
Аталған дәрілер жергілікті әкімдіктермен Меморандумға отырған 153 дәріханаға таратылады. Меморандумда әкімдік пен дәріхана міндеттемелері айқын көрсетілген. Атап айтқанда, аудан-қала әкімдіктері медициналық заттар мен дәрілік препараттардың сатылымға шығуын үйлестіреді және бақылайды. Ал дәріханалар медициналық заттар мен дәрілік препараттардың шекті бағасын ұстанады. Антибиотиктер мен антикоагулянттар дәрігер жазып берген рецепт бойынша ғана босатылса, өзге дәрілер де бір адамға екі данадан ғана сатылады. Дәріхана иесі Денсаулық сақтау министрлігі бекіткен хаттамаға сәйкес сатылымдағы дәрілік заттың 41 атауы және шекті бағасы жазылған тізімді дәріханаға адам көзіне бірден түсетін жерге іліп қоюы тиіс.