Түркістанның көркеюі – ел мерейі
Жаңа облыс орталығы Түркістан қаласын көркейту жұмыстары үлкен қарқынмен жүзеге асып жатыр. Шет елден келген туристер сәулетті қаладағы көріктендіру жұмыстарын көріп, таңданарлықтай күйге түсетін күнде жақын.
Бүгінде Түркістан аумағындағы көгалдандыру және абаттандыру, санитарлық жағдайларын жақсарту мақсатында көптеген жұмыстар атқарылуда. Арыс тәжірибесін негізге ала отырып, Түркістан қаласы 32 секторға бөлінген болатын. Оларға жауапты болып облыстың барлық аудан, қала әкімдері мен басқарма басшылары бекітілген. Жыл басынан бері қызу жүріп жатқан жұмыстардың басым бөлігі демеушілердің есебінен жүзеге асып жатыр.
Қала көшелері күл-қоқыстан тазартылып, ағаш отырғызылып, көгалдандыруға қажетті суғару жүйесі орнатылуда. Ұңғымалар қазылып, жол аяқтар салынып, орындық және қоқыс жәшіктері орнатылып, жолдарға шағал тас төгіп тегістеуде. Сектор жетекшілерінің күшімен көшелер жарықтандырылып, жаңа гүлзарлар пайда болды. Салауатты өмір салтын сақтануға себін тигізетін балалар алаңқайлары мен спорт алаңдары ашылуда.
Көшелерде, белгіленген учаскілерде мекемелер өз аумақтарында ағаштар, газондар, көпжылдық гүлдер мен өсімдіктерді егумен айналысып жатыр.
Түркістан темір жол вокзалының ішкі жүйесі заманауи талапқа сәйкестендірілді. Қалаға келген туристер үшін ақпарат алу бекеті қойылады. Айта кетейік, күрделі жөндеуден өткен аллея да пайдалануға берілуге дайын.