Мақтааралдық кәсіпкер мемлекеттік бағдарламамен кәсібін ұлғайтып отыр
Түркістан облысы Мақтаарал ауданының тұрғыны Тыстыбай Срайлов мемлекеттік қолдаудың арқасында кәсібін ұлғайтты. Ол 2013 жылы «Құдайберген» шаруа қожалығын құрып, ірі қараны бордақылау ісін қолға алған.
Кәсіпкер шағын кәсібін ұлғайту үшін «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында төмен пайызбен 29,4 млн. теңге несие алған. Бүгінде сол қаржының көмегімен мал басы санын 150-ге жетікізіп отыр.
Кәсіпкер ендігі жерде мал азығы өндірісін қолға алып, шығын көлемін азайтуды жоспарлап жатқанын айтты.
«Жалпы өңірде етке деген сұраныстың мол екенін байқап, мал бордақылаумен айналысқанды жөн деп таптым. 2019 жылы 31 тонна ет өндіріп сатылымға шығардық. Сұраныстың көптігіне байланысты бүгінде өндірген етіміз ауданның дүкендері мен базарларынан артылып жатқан жоқ. Облыс, республика көлеміндегі нарыққа шығу үшін мал басын көбейтіп отырмыз. Соған байланысты мал азығын да арттырумыз керек. Қазір таңда 10 гектар жерге жоңышқа ектік. Бұл да аздық ететіндіктен гидропоника азығын дайындауды жоспарладық. Жаңа технология арқылы 1 келі жем-шөптен 7 келіге дейін мал азығын алатын боламыз», – деді Т.Срайлов.
Бүгінде қожалықтың меншігінде 400 басқа арналған қора бар. Мал басы санының артуына байланысты қосымша 300 ірі қара сыятын қора салынуда. Кәсіпкер алдағы уақытта қой өсіру ісін де қолға алуды жоспарлап отыр. Айта кетейік, жалпы аудан көлемінде 150 мал бордақылау алаңы жұмыс істеп келеді.