Әжелер алқасы да атсалысып жатыр
Жетісайлық әжелер елмен бірге екендіктерін көрсетіп 700 дана бетперде тікті. Бұл туралы аталған аудан әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Жетісай ауданындық әжелер алқасы елде болып жатқан жағдайға өз үлестерін қосу мақсатында Жетісай ауданы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне 700 дана бетпердені табыс етті. Бұл бетперделердің барлығын аудандымыздағы ауылдық округтердегі әжелер тіккен.
-Біздің бұл әрекетімізді өзге жас аналар , ару қыздарымыз қолдау керек. Кесте тіге алатын қызы бар үйдің адамдары бетперде жоқ деп айтуы ұят. Елге келген нәубетті ел болып жұмыла көтеруіміз тиіс,-дейді аудандық әжелер алқасының төрайымы Айжамал Қоңырбаева.
Аталмыш бетперделер аудандымыздағы осал топтағы азаматтарды қорғаныс құралдарымен қамтамасыз ету мақсатында берілетін болады.
" Өз тарапымыздан қиын-қыстау күнде қол қусырып отырмай демеу көрсете білгені үшін. Ауданымыздың ақжаулықты әжелеріне шынайы ризашылығымызды білдіреміз" дейді бөлім басшысы Әділхан Әбжанов
Айта кетері, жалпы осындай игі іс-шаралар Түркістан облысының барлық аудан, қалаларында жүргізілуде. Кәсіпкерлер, іскер әйелдер, аналар, ұстаздар жалпыхалықты шараларға атсалысып, өз үлестерін қосуда.