Түркістан облысының шаруалары 255 мың тонна қырыққабат экспорттайды
Түркістан облысының шаруа қожалықтары 255 мың тонна қырыққабатты көршілес елдерге квота арқылы экспортқа шығарады. Ауыл шаруашылығы саласындағы кәсіпкерлерге көрсетіліп жатқан мемлекеттік қолдау туралы көктемгі дала жұмыстарының барысын баяндаған Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрбек Бадырақов айтты, деп хабарлайды RGMEDIA.KZ ақпарат агенттігі.
Өңірде 10 мың 500 гектарға егілген ерте пісетін қырыққабаттың 315 мың тоннасын сәуір айында жинау жоспарланған. Елімізде енгізіліп отырған төтенше жағдайға байланысты облыста бірінші кезекте ерте мерзімде пісетін көкөніс дақылдарын экспортқа шығару көзделуде.
– Қырыққабат өнімдеріне еліміздің бір айлық қажеттілігі 60 мың тонна екенін және аталған өнімнің тез арада бұзылуын ескере отырып, 255 мың тоннасын квота арқылы көршілес елдерге экспортқа шығару туралы шешім қабылданды. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің өндірген өнімдерін басқа өңірлерге сату мақсатында облыстармен меморандум жасалынуда, – дейді Н.Бадырақов.
Сонымен қатар, облыстағы 1,1 мың гектар жылыжайдың 750 гектарына қияр мен қызанақ өнімдері егіліп, бүгінде жарты мың тонна өнім жиналған. Басқарма басшысының айтуынша, өнім алу әрі қарай жалғасуда.