Әбиірбек Тінәлі: «Адамның жанын қию – тек Алланың ісі, ал олар қолдан жасады»
Әбиірбек Тінәлиев - әнші, композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. 1957 жылы 22 сәуірде Жамбыл облысы, Талас ауданы, Ойық ауылында туған. "Анамның тілі", "Желтоқсан желі", "Фаризаға" т.б. ел ішіне кең таралған әндердің авторы.
– Әңгіме әлқиссасын Әбиірбек Тінәлиевтің бүгінгі жай-күйімен бастасақ? Қайда, қандай қызметте жүрсіз?
– Мен қазір Жамбыл облыстық А.Тоқпанов атындағы театрдың актерімін. Бұл жерде сонау 1978 жылдан бастап 1990 жылдарға дейін 12 жыл істеп кеткенмін. Одан кейін Алматыға, Талдықорғанға кеттім. Біраз жылдардан кейін, нақтырақ 2011 жылы осы театрға қайтып келдім. Осыдан 3 жыл бұрын зейнетке шыққан болатынмын. Бірақ әріптестердің қалауы бойынша әлі де осындамын.
– Аға, жалпы әндеріңіз қазақ даласының табиғатына сіңіп, біте-қайнасып үлгерді ғой. Осы «Қазақстан Композитерлер Одағының» қазіргі жағдайынан хабарыңыз бар ма? Сіз мүшелігіне өттіңіз бе?
– Жоқ, одақ мүшелігіне өтпедім. Әндері дұрыс адамдар ол одаққа кірмейтін секілді. Бір жолы одаққа қабылдап жатыр екен деген соң хабар алып көрсем, әрбір әніңізді жеке-жеке жазыңыз, құжаттарыңызды өткізіңіз деген соң әуресі көп дүние екен ғой деп ойладым. Ел айтып жүр ғой деп өздері ұмтылмаған соң, мен де ұмтыла қоймадым. Шәмші ағамыз да пұшайман болып өтті ғой соған.
– Әндеріңізді тыңдап отырып, сөзге деген талғампаздығызды аңғаруға болады. Өзіңіздің де өлең жазатыныңыз бар екен...
– Иә. Мына нарық заманы кіргеннен бастап, кейбір үлкен ағалар тегін жазбаймын дейтінді шығарды. Алды 500$ бір әнге. Табатын табыс бір әнге жетпей қалады кейде. Әлде Алла сынап көрді ме, өзім жазып көре бастадым. Бірнеше рет жазып көрген соң, болады екен ғой деп ойладым. Әннің айтар ойы, мақсат-мүддесі жүрегіңде сөйлеп тұрса, сөз жазу аса қиынға соқпайды екен. Әсіресе тақырыпқа жазылса. Міне, осылай 15-16 әнімнің сөзін өзім жаздым. Бірде ән бірінші келіп қалса, бірде сөз келеді. Оны жазған күннің өзінде бірден жарыққа шығарып жібермеймін. Әбден пісіріп, үстінен қарап, иіні қанды-ау дегенде ғана жарыққа шығарамын. Шала-шарқын дүниені елге ұсынғым келмейді. Өзіме қатты талап қоямын. Жарыққа шығарғанда, өзім айтып, YouТube арнама жүктеп жүрмін. Не дегенмен жазылған дүние, елге жету керек қой. Әлі де сөреде жатқан дүниелер көп. Оның бәрін бірден ұсыну қиын. Тамақ ауырмай, дауыс қарлықпай, шабыт шалықтап тұрған кезде ғана болмаса...
– Өзіңіз де байқап жүрген шығарсыз, көптеген ақынның болсын, композитордың болсын шығармашылығы бір-бірінен аумайтын таптаурын тақырыптар. Ал сіз қоғамда болып жатқан әр мәселеге өз тіліңізде үн қатуға тырысасыз. Жалпы қоғам дерті, ғалам дерті жаныңызға жиі бата ма?
– Халықтың жанына батқан әр дүние менің де жаныма батады. Өйткені, өзім де халықпын ғой. Жоқшылық, тапшылық, үйсіздік, күйсіздік... Елдің әбден слікпесін шығаратын өмірлік дүниелердің бәрі маған әсер етеді. Менің тақырыбымның қиындығы да, қызықтығы да сол. Жазуға тақырып көп. Алайда жазу керек екен деп, естігеннің бәрін жаза бермейсің ғой. Өзіме соншалықты әсер еткен, бойымнан өткен, жаныма тиіп кеткен тақырыптар мені қозғайды. Мен оны жазып-жазбағаннан ештеңе ұтпаспын, халық та ештеңе ұтпас. Алайда «сөзжәрдем» деген бар ғой қазақта. Ол халықтық дүниеге айналып кету керек.
Мысалы, «Желтоқсан желін» жазған кезде, аранжировка жасайтын жігіттерге, «Жігіттер, бұл осы Желтоқсан оқиғасының мөрі болып қалатын ән. Қатардағы дүние емес. Аранжировкасына жеңіл қарамассыңдар»,- деп қатты тапсырғам. Содан сол 1986 жылы ән қалай шықты, бүгінге дейін қаз-қалпында, еш жерін өзгертпей алып келе жатырмыз. Өзгертуге де ұмтылмаймын. Оны қалай өзгертесің? Ескерткішті қойып қойған соң, оны қайта-қайта өзгерте беруге болмайды ғой. Сол күйінде құлаққа да, жүрекке де, санаға да сіңді. Солай қалсын. Кейде маған хабарласып осы әннің минусын сұрап жатады. Ол әннің минусын, аранжировка жасаған азамат жоғалтып алған. Ол да сол оқиғаның мөрі болып қалуы үшін шығар бәлкім.
Мен жазылған әр дүниені өмір деп бағалаймын. Жаныңды шырқыратып, жүрегіңді тесіп, санаңды сан соқтырып, жаның маза бермей келген дүние – ән дүние.
2026 жылы менің «Анамның тілін» жазғаныма 50 жыл, «Желтоқсан желін» жазғаныма 40 жыл толады екен. Сонша жылдан бері мен 2 әнді айтып келе жатырмын. Ал бұл аз уақыт па? Бұл деген бір адамның тұтас ғұмыры ғой. Жарты ғасырдан бері 2 әннің жырланып келе жатыр. Мен бақытты адаммын! Бақытты композитормын. Менен бақытты адам жоқ. Мұны енді өзім жаздым ғой деп, асылық танытуға да болмайды. Алла нені үкім етті, мен соны жасадым.
– Иә, расында да, «Желтоқсан оқиғасын» сіздің әніңізсіз елестету мүмкін емес қазір. Мөр десек те, ескерткіш десек те тұп-тура. Ал осыдан екі жыл бұрын елде болған «Қаңтар қырғыны» сізге қалай әсер етті? Жыл басында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Егемен Қазақстанға» берген сұқбатында Қаңтар туралы: «Қаскөйлердің мемлекеттік төңкеріс жасамақ болған жоспарын жүзеге асыру үшін экстремистер, қылмыстық топтар және әсіре діншілдер бірге қимылдады. Олардың мақсаты ел ішіне үрей туғызу, мемлекеттік институттардың қызметін тұралату, конституциялық құрылымның іргесін шайқау, ақыр соңында билікті басып алу еді»,- деп Қаңтаршыларды ақтаудың қажеті жоқ екендігін меңзеді. Сізше қалай? Қаңтаршылардың есімі тарихта батыр болып жазыла ма? Әлде басбұзарлар болып қала ма?
– Батыр болып қалады! Өйткені олар жанын құрбан етті ғой. Көздеп атты ғой, кім атса да... Адамның жанын қию – тек Алланың ісі, ал олар қолдан жасады. 4 жасар, 12 жасар баланың жанын не қылады Алла? Неге атқызады мергендерге? 1 адам, 3 адам емес, ол жерде тұтас халықтың едәуір пайызы кетіп қалды ғой. Оның отбасы бар, елі, мемлекеті бар, ертең жоқтайтын туысқандары бар... Қанша адам зар қағып қалды? Қанша адамның тісі қайраулы жүр қазір? Қандай жағдайда болсын, жазықсыз адамның жанын қиып, жеңіске жетуді ақтай алмаймын мен. Жаратқан адамды бір-бірін өлтірсін деп жаратпаған шығар? Бір сәтте, бір-ақ оқпен жан қиды немесе өртеп жіберді көліктерін. Жан қиған боздақтардың артында аңырап қалған жақындары адам емес пе? Ұрпақ көрмей өткен қанша азамат бар? Қарға тамырлы қазақпыз ғой. Өлген 300 адамның артында кемі 3 мың, тіпті 3 миллион адам тұруы мүмкін. Сондықтан мұның қасіреті ұрпақтан-ұрпаққа, толқыннан-толқынға кетіп қалады... Сүйекке түскен таңба ғой бұл.
Тірі, дені сау азаматты кім атты? Неге атты? Жауап жоқ. Оған жауап бере алмайды. «Кім атқанын білмеймін» деген бола ма? Мемлекеттің иесі болып отыр емес пе?
Жанын берген боздақтардың бүгін ес білмейтін ұл-қызы, ертең ес жиғанда әкесін кім деп өседі? Өзін кіммін деп өседі? Мемлекетке қалай қарайды? Мемлекет олардың бетіне қалай қарайды? Мән бермесең, жеңіл дүние деп ойлауға болады. Толқу үстінде атылып кеткен ғой деп жылы жаба салуға да болады. Бірақ... Тарих бар! Алдымыздағы ғасырларда XXI ғасырды қандай ғасыр деп көрсетеді? Мөрленген өнер, қасіреттердің басына ескерткіш болып қойылған шығармалар айтып бармай ма? Олар ұмыта ма? Адамзат ұмыта ма?
Осы желтоқсан, қаңтарда қырылып кеткен азаматтар тірі болғанда, біз 20500000 болар ма едік? Мүмкін 20050000... Демографияның пайызына да бұлардың үлкен қатысы бар. 1 адамның өзі 10 жылда 10 бала табуы мүмкін. Кем деген кездегі пайызына шағып 10 жылға есептеп көрсек, біз қанша ұтылып қалдық? 20 жылға көбейтсек қанша ұтылып қалдық? Міне, осы дүниелерді көре тұра, өнерпаздардың жаппай махаббатты жырлай бергені қаншалықты дұрыс? Дұрыс болса, Отанды не қыламыз? Біздің елде қамыс өспей ме? Елдің тауы-тасы құлап жатқан жоқ па? Елдің саябақтарын өртеп жатқан жоқ па?
– Бүгінгі өнер, ән мағынасызданып барады дегіңіз келе ме?
– Бүгінгі таңда халық тойдан басқа қай жерде ән тыңдайды? Қандай ән тыңдап жүр? Тойдың әні ән емес қой. 76-78 жылдары театрда оқып жүрген кезімізде, ара-тұра тойға шыға қалсақ, ұстаздарымыз «Несіне оқып жүрсің? Сол тойда жүре берсеңші. Киелі сахнаны құрттың ғой. Тойға бір-екі рет барған адам өнерден шығып қалады. Өйткені сен киелі сахнада орындайтын әніңді, арақ ішіп алған 500 адамның ортасында айтып келдің. Кімге үріп келдің?»,- деп айқай салатын. Осы ұстаным бізге сіңіп кеткен. Сол үшін де тойда еліріп, көрініп қалайын деп жан салмаймыз. Сосын менде жұртты жаппай билететін көңілді ән жоқ қой. Кейде жақындарымның ортасына қонаққа бара қалғанда, қонақкәде сұрап жатса, айтып беремін. Онда да ден қойып тыңдай алатын орта болса ғана.
Тойда қазір бір-ақ ырғақ бар. Сөзі де, сазы да өнер емес. Қазір ірі-ірі әртістердің өзі той қуып кетті. Яғни ақша қуып жүр. Олардың репертуарлары да сондай бір жеңіл ырғаққа құралып кетті. Кейін үлкен сахнаға шыққан да, әлем өнерпаздарының алдында өнер көрсеткенде, тойдың әнін айтып тұра ма? «Барларың осы ма?» десе қайда кіреміз біз?
– Сіздің ел ішіне кеңінен таралған әндеріңіздің бірі Мұқағалидің сөзіне жазылған «Фаризаға» әні. Фариза апамыздың көзін көргеніңізді де білеміз. Жер дауына қатысты әрқилы алып қашпа әңгімелерде де Фаризаның есімі жиі аталады. Өзіңіз осы тарапқа қатысты не айтасыз?
– Адамға аса жақындап көрсең, көңілің қалып қалатын жағдайлар болатыны рас. Бірақ Фариза апамен сондай жақын араласпадық. Сондықтан ондай даулы жағына мен үн қоспаймын. Мен мықты Мұқағалидің жазып кеткен өлеңіне арқа сүйеймін. Мұқағали ақымақ емес қой. Ол Фаризаның кесіп айтатынын, тік мінезін бағалаған болар. Өнер содан туады ғой. Өнер адамында мінез болмаса, ол өнер емес.
«Фаризаға» өлеңіндегі «Қазақтың жігітінен дос таба алмай, Қыз да болсаң мен саған мұң шағамын» деген жолдары маған қатты батады. Сонда күллі қазақ еркектерінен бір еркек табылмағаны ғой расында. Әйел адамдардың арасынан да тек Фариза табылып отыр. Соған да арланбаймыз ғой біз. Ақынның аузына өлеңді Алла салады ғой. Мені осы нәрсе қатты толқытты. «Әдірем қалған ел екенбіз ғой» деп ойладым тіпті. Басынан сипамапты ғой ешкім. Мұқағали да Фариза келіп алақанымен сипамаса да, жүрекпен сипайтынын біледі ғой. Фариза апа Мұқағалимен кездесіп қалғанда, қалтасынан қолына не ілігеді, соны бере салады екен. Ол 5 сом ба, 10 сом ба, 50 сом ба маңызды емес. Онда да қорыққаннан емес, іштей құрметтегендікі ғой. Сол үшін де мен басқа әңгімелерді көзге де, құлаққа да ілмеймін. Сондықтан да ана адамның кішігірім пенделігі, мына адамның кішігірім пенделігі алаңдатпайды. Өтіп кеткен адамның артынан әрнені айтып, жазып жатсақ кім болғанымыз біздің? Ертең біздің артымыздан не айтатынын кім білсін. Сондықтан өткен адамның көлеңке жағын қозғаудың қажеті жоқ деп ойлаймын.
– Аға, сөз соңында елге айтар, әсіресе өнерпаз жастарға қаратып айтар дүниеңіз болса, мархабат...
– Жастар ақылды болса деймін. Теріс істерге қазірден үйір болса, ертең қанына сіңіп, өзегіне құйылып кетеді. Намыс, ар, ождан ұғымдары жайына қалады. Халық кім, ән не, өнер не, екенін айыра алмайды. Сондықтан қазірден бастап бір ән айттың ба, жарты ән айттың ба кімнің алдында, қандай мақсатта айтып тұрғаныңды білу керек. Жаныңды қинап, ән айтпай-ақ ақша табуға болады ғой. Ал сахнаны лайлауға болмайды. Тойдың әнін саханада айтып, сахнаның әнін әр жерде айтып былықтыру сені өмірден де, өнерден де бездіріп жіберуі мүмкін. Бір ән екінші әнге ұқсамау керек. Махаббаттан өзге тақырыптарды да қамтыған жөн. Мемлекеттің толыққанды адамы болу керек қой. Отан туралы, тіл туралы жазсаң, бәрінде Отан мен тіл бар. Барлық мемлекетте соғыс, көтерілістер болды. Соның бәрін есіне түсіріп тұрса, бауырларын сағынбайтын ел бар ма? Осы бір адамзатқа ортақ тақырып емес пе? Жақсылықтың жаны ортақ, бір терінің пұшпағы сияқты...
– Уақыт бөліп, сүбелі сұқбат бергеніңзіге көп рақмет!
Әңгімелескен Сезім Мергенбай