«Біз көтерген тіл мәселесі әлі күнге өзекті болып тұр» - Ермұханбет Қуандықов

Oinet.kz 15-12-2020 3848

Ақын Мұхтар Шаханов бір сұхбатында: «Желтоқсан рухы шын мәнінде біздің ұлтымыздың рухани шыңдалуы. Сондықтан, біздің  бүгінгі таңдағы басты міндет  – Желтоқсан рухын қолдау, насихаттау», – деген екен. Осыдан 34 жыл бұрын  әлемді дүр сілкінткен, жетпіс жылға жуық мызғымай тұрған Қызыл империяның ең алғаш болып іргесін қақыратқан Желтоқсан оқиғасын насихаттау түгілі соңғы жылдары ауызға да алдынбауға айналды. Неге? 1986 жылғы оқиғаның қаһарманы, сол үшін өмірінің біраз кезеңін темір тордың арғы жағында өткізген, қазіргі уақытта Желтоқсан оқиғасы туралы зерттеулерін жариялап жүрген Ермұханбет Қуандықовпен арадағы сұхбатымызды назарларыңызға ұсынамыз.  

Ермұханбет Құуандықов.png

–«Желтоқсан оқиғасын кім ұйымдастырды?» деген сауалға келгенде әркім әрқилы пікірлерді айтады. Осы көтерілістің қатысушысы ретінде сіз не айтасыз? Сол бір сұрапыл күндер қалай басталды?  

– Ол кезде мен ҚазМУ-дың 3 курс студенті едім. 1986 жылы 16 желтоқсан күні кешкі төрт пен бестің арасында факультет дәлізінде біреулер жүгіріп жүріп: «Қонаев орнынан түсіп, орнына басқа біреу келіпті» деп айтқанын естіп қалдым. Қонаевтың кеткені жаңалық емес, оған көңіл аударған жоқпыз. 

6 желтоқсан күні үлкен ұлым дүниеге келген болатын. Үйге баламды көруге асығып бардым.  Сонда теледидардағы жаңалықтан мәселенің мән жайын түсіндім. Жай ғана Қонаевтың кеткенін емес, оның орнына Қазақстанға үш қайнаса сорпасы қосылмайтын адамның келгенін естідім. Ол кезде Алматыда 1 миллион адам бар болса, оның 10 пайызын ғана қазақтар деп саналады. Солардың 7 пайызы студенттер болып есептеледі. Мен КПСС тарих бөлімінде оқыдым. Бізді идеологиялық комсомол жұмысшылары ретінде дайындаған. Сол кездегі Қазақстан тарихын оқысаңыз, қазақ екеніңе ұялып, өзіңізді өзіңіз жек көріп кетер едіңіз. Ал енді билікке өзге ұлттың өкілі келгеннен соң үйде отыра алмадым. Жатақханаға барып, студенттерді жинадық. Өйткені студенттерді ана тіліміз, тарихымыздың жайы қатты алаңдататын. Үш түрлі ұсыныс болды. Бірінші ұсыныс – қарсы екенімізді білдіріп, сабаққа бармай қояйық дедік. Бірақ біз сабаққа бармаған бір күнде Колбинді алып тастамайды ғой. Екіншісі –Мәскеуге хат жазу. Үшіншісі – алаңға шығып, наразылық білдіріп қайтып кету. Көңіліміздегі қарсылықты білдіру жолын іздедік. Бар болғаны осы еді. 

Жатақханадағы жиналыстан университет әкімшілігі хабардар болса керек, партия комитетінің басшылары келіп бізге түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Бұл партияның шешімі екендігін баса айтты.  Осыдан кейін басқа факультеттің қыз-жігіттерінен хабар алдық. Казгуградтың ішінен таныс жігіттер алаңға кетіп бара жатыр екен. Біз де қосыла кеттік. Алдымыздан шыққан  университтетік партия комитетінің хатшысы және комсомол комитетінен біраз мұғалімдері бізді заң факультетінің жатақханасына алып келді. Тағы да түсіндіру жұмыстары басталды.  Сол жерде мен сұрақ қойдым. «Жарайды, партияның шешімі екен. Қонаевтың тұсында қазақ тілінің жағдайы мүшкіл болды. Қазақ болуға ұялатын болдық. Енді орыс келген кезде жағдайымыз не болмақ?» дедім. Бұған ешкім жауап бермеді. Тарихтан шумер деп аталатын халықтың тілі жоғалғанын оқығанымыз бар еді. Сол есіме түсіп, университтегі партия комитетінің хатшысына: «Сонда орыс келген соң біздің тіліміз де шумер тілі секілді өлуі керек пе?» деп сұрадым. Ол еш шімірікпестен: «Не армандап тұрсыңдар? Қазақ тілі бүгінгі күннің өзінде өлі тіл. Бұл тілдің келешегі жоқ. Біз бәріміз орыс боламыз» деді. Мұндай жауапты ешкім күткен жоқ еді. Барлығымыз абдырап қалдық. Сол хатшымыз еліміз Тәуелсіздік алғанда жоғары лауазымды қызметтерді атқарды. Соның ішінде министр де болды. Қазір Сенат депутаты. 

Әрине, әңгіме біткен соң бізді тарқатқандай болды. Алайда біз  бір бөлмеге жиналып, Конституцияны ақтардық.  Қандай құқығымыз бар екенін оқыдық. Сөйтсек, 1977 жылғы Конституцияның өзінде адамдардың бейбіт шеруге шығуға рұқсат беретін баптар бар екен. Ережесі анық жазылмағандықтан, бір шешімге келдік. Алаңға шығуға біздің құқығымыз бар екен! Бір ҚазМУ ғана шықпай, бүкіл қалаға үнпарақ таратуды жөн көрдік. Үнпарақтағы әр сөзді заңға қайшы келмейтіндей етіп жазып көбейттік. Себебі әр сөз үшін жауапқа тартылатынымызды білеміз. Жігіттер болып қаланың ішінен көшелерге бөлініп, үнпарақтарды таратып шықтық. №30 маршрутпен қайтып келе жатып, Сәтбаев көшесімен өте бергенімде бізсіз де алаңға көп адамдардың жиналғанын көрдім. Ол кез түскі бірлердің шамасы еді. Солай біз де алаңға шығып кеттік.

– Осы оқиғадан соң сізді 5 жылға соттады. Жалпы желтоқсаншылардың тергеу, соттау процестері қалай жүргізілді?

– 17 желтоқсан күні алаңға барар жолда тарих факультетінің студенті досым Орал Исмағұлов екеуміз сырт киімімізді ауыстырып кигенбіз. Ол алаңда қолға түсіп қалады. Сол себеп болса керек, екі айдан аса тергеу амалдары жүрсе де, тергеушілер менің алаңдағы суретімді таба алмаған. Қаңтар өтті, ақпанның соңы жақындап келе жатыр. Қысқы сессия тапсырып, демалысқа ауылға келіп кеттім. Содан бірінші оқу күні 24 ақпанда ұстап алып кетті. Прокурордың «қамауға алынсын» деген қаулысымен тергеуші таныстырып КГБ ның тергеу изоляторына жапты. 

Тергеушім: «Максимум 5-6 жыл отырып шығасың. Сенің кінәң жоқ. Бірақ  жоғары жақтан осындай шешім келді» деп. Бірақ мен 1 жыл 11 ай 3 күнде босап шықтым. Қорғаушым – Жарас Шайкенов еді.  

Сот үкімі күшіне енген соң, кассациялық шағым жазбадым.Төрт ай қапаста болдым. Содан Қарағанды облысы Абай қаласындағы коллонияға жеткізді. Мұнда желтоқсан көтерілісіне қатысқан төрт жігіт бар екен. Лагерьде желтоқсаншыларды ең ауыр деген жұмыстарға қоятын. Цех бастығына пара берсең жеңіл жұмыс орнына ауысуға болады екен. Бастыққа бардым орыс жігіті, алдына екі бүктелген қағаз қойдым да (ішінде ақша) «арызым бар еді» деп кабинеттен біреу қуғандай қашып шығыппын. Біраз уақыттан соң селектордан цех бастығына «тез жетсін» деген хабарлама айтылды. Бастық: «Қайда қашып барасың айнала қоршаулы, мұнарада солдат» деп күлімсіреп, өтінішімді қанағаттандыратынын айтты. Осылайша саналы өмірімде бірінші рет пара бердім. 

– Бостандыққа шыққан соң оқуыңызды жалғастыра алдыңыз ба?

– 1989 жылы мен абақтыдан босанып келгеннен соң қайтадан студент болып қабылдануымның өзі бір тарих. Ректорымыз «сотталып келген адамды оқуға қабылдауға болмайды»деген еді. Жоғарғы Кеңес хатшысынан анықтама қағаз алдық. Ол жерде «сотталған адамға оқуға болмайды деген заң болса ғана қабылданбайды» деген жазу болатын. Бір күн юристпен отырып, заңның бәрін ақтарып ондай заң жоқ екеніне көз жеткіздік. Сол бір қағаздың арқасында менімен қатар да, менен кейін де көп студент оқуға қайта қабылданды.  

– Желтоқсан оқиғасынан кейін жазалау шараларына белсене атсалысқан, қазіргі таңда жоғары қызметке, беделге ие болып отырған адамдарды атай аласыз ба?

–  «Желтоқсан қоғамдық бірлестігі» деген ұйым құрылды. Ең бірінші талабымыз – қалған абақтыда отырған жігіттерді босату еді. Екіншісі, бізді айыптап, соттаған азаматтарды жауапқа тарту болатын. Жоғарғы сот төрағасы Тамас Айтмұхамбетов, Қазақ КСР-інің Бас прокуроры Ғалым Елемесовті, Ішкі Істер министрі Князевті,  КГБ төрағасы Мирошникті, Қазақстан орталық комитетінің хатшысы Мезенцевті  жұмыстан шығарып, жауапқа тартылуын талап еттік. 1989-1991 жылдары олардың барлығы жұмыстан кетті. Бұл да біз үшін жетістік еді. Сол уақытта «қазақтың болашағы жоқ» деп айтқандар әлі жүр ғой көз алдымызда. Бізді тергеген – қазақ, айыптаушы – қазақ, судья – қазақ, түрмеде қарағандар да – қазақ, зонада отырғандардың 95 пайызы – қазақ еді. Қабырғамызды қайыстырған дүние қаңтар айында «Казахстанская правда» газетінде «Халықтың атынан сөйлеуге бұларға кім ондай құқық берді? Өңкей наркоман, алқаш, оңбағандар» деп жазылған мақаланың аяқ жағында бетке ұстар азаматтарымыздың қолы болды. Көзі тірі Асанәлі Әшімов, Бибігүл Төлегенова тағы басқа жазушысымақтар бар. Сол кездері Жазушылар Одағында Колбинмен кездесу болған. Сонда екі- ақ адам біздің сөзімізді сөйлеген. «Олар да біздің балаларымыз қатаң жаза қолданбайық» деген екен. Егер де сол жерде барлығы бірауыздан біз жақта болғанда, бәлкім, түрмеге қамалмас па еді?! Тіпті сол жиында Колбиннің қолын сүйіп, «Сіз келмегенде біз құрып кетер едік» дегендер де болған.

Желтоқсан оқиғасы.png

– Желтоқсаншылар өзінің саяси бағасын, мәртебесін ала алды ма?

– 1991 жылы желтоқсан мәселесіне байланысты Президенттің «17 желтоқсан – демократияның жаңару күні» деп жарияланғаны туралы үкімі шықты. Бұл – статус емес. 1994 жылы жігіттермен жиналып, статус сұрап заңға өзгерту енгізуді сұрадық. Бірақ нәтиже болмады. 1996 жылы  үлкен халықаралық конференция өткіздік. Тарихшылар, заңгерлер баяндама жасады. Содан кейін бізді жаппай қуғын-сүргін көрген азаматтардың қатарына енгізді. Жеке статус берген жоқ. Осы жерде айта кетейін сол жылы бізді Президент қабылдайтын болды. Бірақ одан бұрын көмекші жігіттер бізді шақырып алып:  «Жігіттер, қазір сендер Президентке барасыңдар. Сендер ол кісіге «Желтоқсанды бастап шыққан сіз» деп айтыңдар. Алаңға шыққан адамдардың арасынан сол кісіні көрдім деп айтыңдаршы» деді. Кездесу өтті, бірақ біз олай айта алмадық. 

– Өзін «желтоқсаншымын» деп таныстырып, артынан өтірігі шығып қалып жатқандар да бар? Бұл атау кімге, не үшін керек?

– «Голос Америки»-дің берген мәліметі бойынша, алаңға 25-30 мың арасында мың адам шықты. Алматыдан сотталғаны 99, басқа қалаларды қосқанда 110-быз. Сол үшін «біз ғана алаңға шықтық» деп айту ұят. Мәселен, менің қарындасым да Алматыда болған. 18-і күні үйге келсем басы жарылып отыр екен. Бір милиция «қаш» деп жіберген екен. Поликлиникаға баруға болмайды. Содан Шымкентке жіберіп, емделіп кетті. Қазір денсаулығы жақсы, өзі де ауруханада жұмыс істейді. Бірақ ол өзін ешқашан «желтоқсаншымын» деп айтпайды. Ортақ тарихымыз ғой, оны қызғанбаймыз. Көп болғанымыз бізге жақсы. Бірақ дәл сол күні бәрі шығып бір-бірін тіреп тұрғанда ешкім сотталмас еді.

– Желтоқсан оқиғасының 25-30 жылдығының атаусыз қалуына не себеп? 

– Себебі БАҚ өкілдері желтоқсаншыларды тек осы күні ғана іздейді. Менің екі, үш адамға айтқаным кімге жетеді? Төртінші билік ретінде халықтың санасын қозғайтын сіздер. Ол желтоқсаншылардың жекеменшік мерекесі емес. Көпшілік қашан мойындайды, сонда елеулі болады. Мен жас кезімде қолымнан келгенін жасадым. Ендігі тарих сіздердікі. Мысалы, университетте қатарлас оқыған замандастарыма «таратыңдар» деп, Facebook-та жазғанымды жіберсем, бөліспейді. Қорқады. 

– Жастарға көңіліңіз толмай ма сонда?

– Бүгінгі мәселе жастарда емес, ана тілінде сөйлей алмайтын басшыларда. Олар Қонаевтың кезінде жабылған 500 мектепте орысша оқығандар. Білімді жастар көп. Бірақ бүгін рухани білімнен күнкөріс қамы биік тұр. Себебі ертеңге деген сенімділік жоқ. Егер де адам ертең аш қалмайтынына, жұмыссыз қалмайтынына, ауырса дәрігер емдеп беретініне сенімді болса, рухани бір нәрсе іздеуге талпынар еді. Аш адамға «Абай жолын оқы» деп қалай айтасың?

– Соңғы кездері Facebook-та белсенділігіңіз байқалады. 1986 жылғы оқиғаға байланысты жан-жақты, терең зерттеулерге негізделген дүниелерді жазу ойыңызда жоқ па?

– Сотталар алдында да, кейін де мен туралы мақалалар көп шықты. Анам 12 құрсақ көтерген жан. Мен түрмеге кетерде: «Қорықпа балам, басыңды тік көтер, алдында екі ағаң, артында екі інің бар. Құдайға тапсырдым» деген болатын. Түрмеден шығып келгеннен кейін білгенім бір жыл 11 ай үш күнде анам бірде бір мерекеге бармапты. Қайтадан оқуымды жалғастырамын деген кезімде, «бармайсың» деп жатып алды. Араға екі ағам түсіп жүріп, рұқсатын алдым. Бірақ мен туралы ешқандай телеарна, газет, журналға ақпарат шықпайды деп уәдесін алып қалды. Анам дүниеден өткелі көп болды. Facebook-қа жаза бастаған себебім, 86 жылы біз көтерген  тіл мәселесі әлі күнге дейін өзекті болып тұр екен. Сонда тіліміздің бұрмаланбауы үшін тағы да алаңға шығып адамдар таяқ жеуі керек пе? 1986 жылы алаңға ешкім Қонаевты қайтарып бер деп шыққан жоқ, ана тіліміз, күніміз не болады деп шықты. Зерттеу деңгейінде еш нәрсе жазбаймын, тек санамда бар дүниелерді жеткіземін. 

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан: Мария Сәулебекқызы

Тілек Ырысбек: «Абай жолы» – пропагандалық шығарма»
Расул Жұмалы, саясаттанушы: Бізде партияаралық бәсекелестік әлі дамыған жоқ
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу