Расул Жұмалы, саясаттанушы: Бізде партияаралық бәсекелестік әлі дамыған жоқ
Сайлау алды үгіт-насихат қызған тұсына келді. Саяси партиялар өз бағдарламаларын ұсынып, белсенділік танытуда. Осы орайда біз белгілі саясаттанушы Расул Жұмалымен сұхбат құрып, биылғы парламенттік сайлаудың қандай деңгейде жүріп жатқанын талқылаған едік.
–Парламенттік сайлаудың алдында тек «Нұр Отан» ғана праймериз өткізіп, партияішілік іріктеу жасады. Ал бүгінде сайлауға түсіп, өзінің үгіт-насихатын жүргізіп жатқан басқа партиялар ертең мандат алса, Мәжіліске өздерінің өкілдерін қандай қағидамен жібереді? Байқасаңыз, біздегі саяси партиялардың сайлауға дайындығы қарын аштырады. Сіз қалай ойлайсыз?
–Бізде көп жылдардан бері демократияны шектеу, партия аралық бәсекелестікке жол бермеу саясаты жүргізілді. Сөз жүзінде көп партиялы жүйе болғанымен, іс жүзінде шынайы оппозициялық қозғалыстағы партияларды тіркемеу, шектеу болғаны жасырын емес. Жалпы бізде «оппозиция» деген сөз дөрекі саналды. Себебі оппозициялық сарындағы саясаткерлердің бірталайы жапа шекті, қастандық жасалды, шетелге кетуге мәжбүр болғандары да бар. Соңғы бір-екі жылда Ұлттық кеңестің аясында саяси жүйеге, сайлауларға қатысты жаңа заңдар қабылданды. Бірақ әзірге жаңа саяси күштер тіркеліп үлгерген жоқ. Кінә биліктен шығар, бірақ қоғам да сүттен ақ емес. Әлі де демократия саласында популизмге салыну, мәселені ультиматум арқылы шешуге ұмтылу деңгейінен алысқа кете қоймадық. Саяси күштердің көсемдеріне, партиялардың ұстанымдарына, бағдарламарына назар аудару қалыптасқан жоқ. 30 жылдан бері «оппозиция бірігу керек, ортақ мәмілеге келу керек» деген пікірлер айтылып, айтылып қалды. Мойындау керек, Олардың өзі бір-бірін көре алмай, жаға жыртысып, қаралап отырған жағдайы бар.
Ал осы додада ресми тіркелген 5 саяси партия бағын сынайды. Олар: Нұр-Отан, Ауыл, Ақжол, Адал және Халықтық деп атын өзгерткен бұрынғы коммунистер. Көбіне беймәлім қалған себептермен ЖСДП сайлауға қатысудан бас тартты. Бұл да бір оппозицияның бүгінгі ахуалының көңіл көншітпейтіндігінің белгісі. Билік партиясын санамағанда төртеуінің жоқтан бары жақсы, екінші жағынан сынайтын тұстар да бар. Мәселен, «Бірлік» партиясы тіркелген, бірақ осы жылы, оның алдындағы жылы бұл партияның бар екенін азаматтарымыздың көбі білген де жоқ. Көшбасшысы кім? Бағдарламасы қандай? Қазір сайлауға 1-2 ай қалғанда оянды. Жалпы біздегі дәстүрлердің бірі – ұйқыдағы партиялар сайлау болғанда ғана оянып, сосын қайтадан ұйқыға кетеді. Рас, «Бірлік» партиясы «Адал» партиясы болып ребрендинг жасады. Жаңа идеяларды көтеріп, жаңа мүшелермен толығып жатыр. Алдағы уақытта олардан не шығарын көре жатамыз. Соңғы уақытқа дейін бұқаралық санада консерватор саналып келген Нұр-Отан биылғы ауқымды қайта құру мен праймеризден кейін сапалық жағынан біршама жаңарып шықты. Менің ойымша, партияның өз ішінде де түрлі ойдағы топтар бар. Яғни, жаңашылдықты, демократияны ойлайтын мүшелердің көбейіп келе жатқаны байқалады. Десе де «барлығы ескіше, баяғыша қала берсін» деген ұстанымдарымен консервативті топтың мүшелері әлі де ықпалын жоғалтқан жоқ. Нұр Отанның өз ішінде тартыс бар секілді. Одан өзге бес партияны қоғам онша біле бермейді. Бізде партияаралық бәсекелестік әлі дамыған жоқ. Сайлауға түскен 5-6 партия қоғамның сеніміне ие, халықтың наразылығын білдіретін саяси партиялар болып табылмайды! Демократияны сырттан келіп ешкім орнатып бермейді. Қоғамның өзі осындай деңгейге жету керек. Саясаттануда мынадай сөз бар: «Халық қандай болса, билігі де сондай болады» деген. Демек, қоғам қандай болса, оппозициясы да сондай. Бүгінде қоғамда наразылық күшеюде, сыни пікірлер көп. Бірақ әлеуметтану зерттеулеріне сүйенсек, саясатта белсенділік танытып жүрген азаматтардың саны 5 пайыздан аспайды. Қалған 95 пайызының саясаттан хабары ас үйдегі әңгіменің төңрегінен ұзамайды немесе әлеуметтік желіде ғана белсенді. Жеме-жемге келгенде үндемей қалатын, көз жұма қарайтындар. Толыққанды оппозиция сайлаудан қалыс қалып отыр.
Өткен Президенттік сайлауда оппозиция өкілі бұрын-соңды болмаған ресми түрде 16 пайызды иеленді. Ресми емес жасырын қалған дауыс қаншама! Бұл – әжептәуір көрсеткіш. Сол 16 пайызды қоғам еншілей алмай қалды. Жетістіктің нәтижесінде саяси топ немесе партия құрып, бүгінгі парламенттік сайлауға қатысу керек еді. Сол кезде ашуға, қаралауға беріліп, барлық кінәні Қосановқа жабуға басымдық беріліп, жетістіктен айрылып қалдық. Бұл жекеленген тұлғанын ғана кінәсі емес. Егер қоғамның тағдыры бір адамға байланып қалса, біз қандай деңгейдеміз? Бір адам барлығына кінәлі болып қалса, ал қоғам алшақ тұрса? Егер халық оянбайтын болса, жағдай өзгермейді. Мәселен, жер мәселесіне, тіл мәселесіне қатысты митингтерге қанша адам жиналады? Ары кетсе 100-200 адам шығар. Бұл бүгінгі қоғамның көрінісі. Барлығын билікке тағып қою жеткіліксіз.
– Бұрын әр депутаттың өз шекарасы, жауапкершілігі болатын. Сол бойынша халыққа есеп беретін. Тіпті бизнесменлер өз қалтасынан қайырымдылық жасайтын. Міне, партиялық тізімге өттік. Енді бәрі жалпылама. Осы жалпыламалық депутаттың беделін өлтірмей ме?
– Партиялық тізімнің енгізілгені – оппозициялық бағытты мейлінше шектеудің, бұғаттаудың амалы. Әйтеуір билікке бағынбайтын, оппозициялық сарындағы тұлғалар билікке еніп кетпесін, Парламентке кіріп кетпесін деген әрекеті еді. Бүгінде оппозицияның өзіне деген көзқарас өзгеруде. Қоғамның сеніміне ие болу, бетін бері қарату, билік пен халық арасындағы мәселелерді айқаймен емес, ымыраға келу арқылы шешу қажеттігі туралы түсінік қалыптасып келе жатыр. Осыған қатысты Президент Қасым-Жомарт Тоқаев алғашқы иноугурациялық мәлімдемесінде ашықтық, кадрларды әзірлеудегі айқындық, халық үніне құлақ түретін еститін үкімет сияқты мәселелерді айтып өтті. Ендігі мәселе – осы дүниелерді пайданып қалу. Сөз болып отырғаны партия құру жайындағы шектеулердің төмендетілуі. Бұрын 40 мың дауыс жинау керек болса, қазір 20 мың. Бұл көрсеткіш еліміз үшін көп те шығар. Бірақ екінші жағынан есептеп қарасақ, 18 миллион халықтың 0,1 пайызы ғана екен.
– Мәслихат пен Мәжілісті түгелдей партиялық тізім бойынша емес, ең құрығанда 50/50 фоьрматында сайлауға болмас па еді?
– Тек партиялық тізім бойынша енгізу шынайы саяси өмірге лайық жағдай деп айта алмаймын. Қазақстан азаматтарының бүгінгі таңда 18 миллионнан асты десек, соның 5 пайызы ғана саяси партиялардың мүшесі болып табылады. Қалған 95 пайызы ешқандай партияда жоқ – халық. Ал мәслихат, мәжіліс депутаты болу үшін осындай саяси партияларға мүше болу керек. Сонда қалған 95 пайыз адам Парламентке кіру мүмкіндігінен айрылып отыр. Дискриминация, әлсіздік, теңсіздіктің көрінісі. Мен ғана емес, бірқатар сарапшылар да 50 пайыздық бір мандаттық сайлауды қолдайды. Бізде әлі шынайы көп партиялы жүйе қалыптаспай тұрғанда, әлі саяси партияларға қатысты тәжірибе қалыптаспай отырғанда жүйені қайтару бұл қоғамдық мәселердің шешілуіне жақсы мүмкіндік болар еді. Екінші жағынан азаматтардың кімге дауыс беріп жатқандығын бақылау тұрғысынан әлдеқайда әділ болар еді. Қазіргі жүйе бойынша азаматтар тұлғаларға емес, жекеленген партияларға дауыс береді. Ал партиялық тізімді дайындайтын партияның өзі. Бір мандаттық сайлауда кез-келген адам үміткерлердің бағдарламаларымен танысып, жеке дауыс беру мүмкіндігі бар болар еді.
–Байқоңырда жеті мектептің оқушылары Ресей Федерациясының мемлекеттік білім беру стандартына сәйкес білім алады. Олар өз ана тілі мен тарихын оқу үшін Ресейден рұқсат сұрайды. Бұл қаншалықты өзекті мәселе? Біз осы Байқоңырдың өзін ғана емес, оның тда Ресейге жалға беріп жіберген жоқпыз ба?
–– Өте сорақы жағдай. Кезінде Байқоңырдағы ғарыш кешенін Ресейге жалға берілген. Оның өзі де Қазақстаннан көп жағдайда ұтылғанын көрсетіп тұр. Жалақы сын көтермейді. Қателеспесем, жылына 115 миллион доллар төлеу керек екен. Оны ақшалай емес темір терсекпен, утильға жіберетін техникамен беріп отыр. Ал Байқоңырдан келіп жатқан қаншама шығын, экологиялық зардап өз алдына бөлек мәселе. Бұрын Қазақстан бұл қадамға мәжбүрлі болған шығар. Бірақ біз ғарыш кешенін ғана бердік қой. Бұл азаматтарымен қоса байлап беруді білдірмейді. Халықты арендаға берудің еш қисыны жоқ. Жері мен қоса елін құлдыққа бере салатын XVIII ғасыр емес қой. Біздің тәуелсіздігімізге нұқсан келтіріп тұр, орталық билікке үлкен сын. Сондықтан қателікті кеш те болса түзету керек. Мәселе тек мектептерде ғана емес, жұмысқа орналасу, жалақы секілді әлеуметтік жағдайлар да бар. Қазақтарға деген ресейліктердің көзқарасы сын көтермейді. Биліктің ең бірінші Конституциялық парызы –азаматтардың құқығын қорғау. Мәселе тек Байқоңырда емес, одан өзге бес Ресейдің полигоны бар. Сол жердегі халықтың ахуалы қандай? Бұл мәселелерді ашық, айқын талқылайтын кез келіп жетті.
– Солтүстіктің көз аларту, осыған қатысты арандату бұған дейін Жириновский, Лимоновтар арқылы жасалып келген еді. Осы жолы "қазақ даласын жалға алып тұрып жатсыңдар" деген мәлімдеме Ресей депутатының аузынан шықты. Жалпы Ресей жақтан айтылатын ара-тұра осындай әңгімелердің шығып тұруы нені білдіреді?
– Мұндай дүниелерге жауап беру керек. Мұндай жағдайда кез-келген мемлекет жауап қайтарар еді. Осы тәріздес мәлімдемелер бірінші рет жасалып тұрған жоқ. Мұны «олардың саясатқа қатысы жоқ, жеке пікірі» деп, қабылодай салуға да болар еді. Алайда олардың бәрі де орыстың мүйізді қарағайдай саясаткерлері емес пе? «Путиннің ойында не бар болса, Жириновскийдің аузында сол болады» деген сөз бар. Өткен жылы Қытайдың бұқаралық ақпарат құралдарында еліміздің жер мәселесіне қатысты арандату мақсатында жариялаған материалдары үшін наразылық нотасы берілді. Нәтижесінде БАҚ-ты жауапқа тартып, жарияланымдары өшіріліп басталды. Никоновтың мәлімдемесіне қатысты да наразылық нотасы жіберілді. Өкінішке орай, Ресейдің ресми орындары ашық кешірім сұраудан тартынды. Олар Ресейдің сыртқы саясаты бойынша тек қана екі адамның сөзі жүретінін алға тартты.
–Жалпы қалай ойлайсыз, соңғы уақытта Ресей мен Қазақстан іргесі суып барады. Ресей бізден алыстап бара ма әлде біз Ресейден алыстап барамыз ба?
– Бізде тек Ресейге қарап қалмай басқа одақтармен жақындасу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Шанхай ынтымақтастық одағы, Батыспен, Еуропалық одақпен, мұсылман, түркі әлемімен байланыс бар. Яғни, Ресейге деген тәуелділікті басқа ойыншыларды енгізе отырып шешуге болар еді. Бірақ айналып келгенде өзге мемлекеттермен салыстырғанда Қазақстанның Ресейге деген обьективті тәуелділігі әлі жоғары деңгейде. Саясат – қиял ғажайып алаңы емес. Біздің геосаяси жағымыз шындықпен, ақиқатпен, өмірдегі бар дүниелермен санасу керек деп қалыптасты. Солтүстіктегі көршіміз барлық параметрлер бойынша Қазақстанды он есе орап алады. Шығыстағы көршіміз елу есе орап алады. Сыртқа саясатқа қарасақ, басымдық Ресейде. Еліміздің солтүстігі, шығысы әлі де Ресейге қарап қалған. Арналарын қарайды, жаңалықтарын тыңдайды. 1990 жылдардың аяғына дейін біздің шетелдік студенттердің 90 пайызы Ресейде оқыған болса, қазір бұл көрсеткіш әлдеқайда төмендеді. Бүгінде Қытайды бір өзінде 15 000-ға жуық студент білім алады. Еуропада қаншама студенттеріміз бар.
Тәуелсіздікке сөз жүзінде емес, іс жүзінде толықтай қол жеткізу неғұрлым тез, шапшаң болғанын қалаймыз. Десе де саясаттың өзі – прагматикалық орта. Ғасырлар бойында Қазақстан Ресейдің отарында болды. Сол зардаптың нәтижесінде әлі де тәуелділік сақталып отыр. Тілдік жағынан, ақпарат тұрғысынан байлап тастады. Бүгінгі аға буындар сол ресейлік өкілдерді күн-көсем санап, солардың тәлім-тәрбиесімен өсті. «Ресейден алшақтау керек» дегенде өзіміздің қазақтың азаматтары, арасында зиялы қауым өкілдері қанына сіңіп қалған қағидамен қарсы шығып жатты. Бұл жерде әрине билікті, Президентті сынап жатамыз. Бірақ негізінде қоғамнан да бар. Ұлттық намыс төлқұжаттағы «Қазақстан азаматы» деген жазумен емес, жүрген жеріңде қазақша сөйлеп, балаларына қазақи тәрбие берумен есептеледі. Фамилиядағы –ов, -ев деген отарлық заманның қамытын алып тастау секілді қарапайым дүниелер тек билікке қарап қалған жоқ. Яғни, барлық азаматтың қоғам алдындағы жауапкершігі барын ұмытпайық.
Сұхбаттасқан: Мария Сәулебекқызы