Татардың «Пыяла» әні қазақшаға аударылды

Oinet.kz 10-01-2024 534

Ресейдің «Слово пацана. Кровь на асфальте» сериалындағы татар әншісі Айгел Гайсина орындайтын «Пыяла» әні қазақша шықты. Әнді аты-жөні белгісіз қыз орындайды. Әлеуметтік желіде әннің қазақшасының сәтсіз аударылғаны туралы көп жазылуда. 

Screenshot_20.jpg


Бұл ән 2020 жылы шыққан болатын. Ән үш жылдан кейін ғана «Слово пацана, Кровь на асфальте» сериалының саундтрегі болып, көпшілікке танылған соң Shazam әлемдік рейтингте бірінші орынға шықты. Татар әншісі Айгел Гайсина «Пыяла» әнімен тректі Илья Барамиямен бірге орындайды.

Илья Барамия – Санкт-Петербургтің тумасы. Ал Айгел 1986 жылы Татарстанның Набережные Челны қаласында мемлекеттік автоинспекция қызметкерінің отбасында туған. Қазан мемлекеттік университетінің халықаралық қатынастар және саясаттану факультетін бітірген. Мектепте, университетте оқып жүргенде шығармашыл адамдармен араласып, өлең жазып, ән айта бастаған. Ол «Лес» атты тырнақалды туындысын да сол кезде шығарған. Жоғары оқу орнын бітірген соң аспирантураға түсіп, өлеңдерді татар тілінен орысшаға аударған. Содан кейін жаңалықтар сайтында бас редактордың орынбасары болып жұмыс істеген.

Гайсина екі рет тұрмыс құрған. Бірінші рет Қазандағы көптеген арт-жобалардың авторы Михаил Остудинмен шаңырақ көтерген. Алайда олар бір-бірімен жараспай, ажырасқан. Қазір Айгелдің одан бір қызы бар.

2012 жылы Айгел Набережные Челныға қайтып келіп, «Так красиво темно» тобының мүшесі болады. Осы жерде ол Темур Хадыровпен танысады. Кейін екеуі үйленеді. Темур Айгелдің «музасына» айналады. Олай дейтініміз, Темур Айгелді бірінші күйеуінен қызғанып, Остудинге қастандық жасайды. Сосын ол үш жылға сотталады. Осы оқиғаға байланысты Айгелдің «Менің жан жарым – татар» атты әні фестивальде бірінші орын алады.

«Пыяла» әнінің 2020 жылы шыққанын айттық. Айгелден көп адам «Неге ән татар тілінде шыққан?» деп сұрайды екен. Сонда өзі әнші, өзі ақын Айгел: «Орыс тілінде жазатын әндерім қалмады. Оның уақыты өтті», деп жауап беретін көрінеді. Ал Барамиядан көпшілік: «Сіз татарша білесіз бе? Аигелдің әндерін түсінесіз бе өзі?», деп сұрағанда ол «Мен татарша білмеймін. Маған музыкасы ұнаса болды. Басқасына басымды ауыртпаймын», дейді екен.

Айгелдің бұдан басқа да әндері бар. Оның «Төн», «Шәм», «Ул», «Чыкма судан», «Онытырмын», «Начар малай», «Кара айгыр» деген әндері шыққан.

Әншінің Ресейден кеткеніне де бір жылдан астам уақыт болыпты. Ол 2022 жылы Ресей билігі Украинаға қарсы соғыс бастаған кезде соғысты айыптап, елден біржолата кеткен болатын. Сол себептен «Слово пацана. Кровь на асфальте» сериалының саунтрегінде «Аигел» дуэті әннің авторы ретінде көрсетілмеген дейді білетіндер.

Қазір ол әндерін татарша жазып, айтып келеді. Ал «Пыяла» клипінде шаңырақ көтерген жас отбасы туралы айтылады. Онда жас келіншектің жұбайы орман ағашын заңсыз кесумен айналысады. Орман ағашын жоюға жандүниесі мұнтаздай таза келіншек қарсы шығады. Сөйтіп, ол күйеуінен табиғат ана жаратқан орманға кетеді. «Пыяла» татар тілінен шыны, кесе, пиала деп аударылады. Яғни, клипте махаббаттың шынысы, кесесі нәзік зат болса да оны кез келген кезде сындыра салу оңай деген мағынада түсірілген.

Пойызда дүниеге келген «Жас жұбайлар» әні
«Ертең одан да қиын болады»: Азамат Сатыбалды желідегі жазбасымен көпшілікті ойландырып қойды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу