Пойызда дүниеге келген «Жас жұбайлар» әні

Oinet.kz 10-01-2024 625

Алғашы әнім студенттік кезеңде туды. Бір күні табан астынан курстас дос Құлтөлеу үйленетін болды. Бүкіл курстастарға бұл үлкен уайымға айналды. Шәкіртақы таусылып, қалтаның түбі қағылған кез, көк тиын да қалмаған. «Не болса да, көрейік!» - деген тәуекелшіл көңілмен бүкіл топ Темкеңнің (деканымыз Темірбек Қожакеевтің) көзіне түспей, аудиториядан абайлап қана шығып, «Қарағанды, қайдасың?» - деп тартып кеттік. 

Screenshot_19.jpg

Содан қызы бар, ұлы бар, бас-аяғы 12 адам алты билетпен жолға шықтық (ақшаның жеткені осылай болды). Билеті жоқ алтауымыз «қоянбыз». Көзге түспей, әр вагонда қашып-пысып, уақыт өткізіп жүрміз. Әр билетке екі адамнан жармасып жүрген қулығымызды жолсерігі құрғырдың жүрегі сезетін сияқты, бірақ жол бойы қанша санаса да, билетсіз адамдардың санына жете алмай-ак койды...

Содан не керек, пойыз жүйткіп келеді. Студенттер көңілді. Той өтетін мекен - Ақадырға жакындаған сайын той сценарийі мазалап, ал кыздарды жас жұбайларға қандай сый тартпағы ойлантып, ұнжырғамыз түсе бастады. Қалтада тиын жоқ. «Құлтөлеудің тойына қандай сыйлық апарамыз?». Барлығын мазалаған жалғыз сұрақ осы. Қапелімде сыйлық болуға жарайтын ештеңе табыла коймады. Мына жағдай көппен бірге менің де жаныма қатты батты. Үйленген Құлтөлеу де, оған тұрмысқа шыккан Райхан да өзіміздің курстасымыз болса, қиналмай көр!

Түн. Жүрдек пойыз жүйткіп келеді. Студенттер ұйқыда. Ұйқым келетін емес. Қыздардың манағы «оу, жігіттер, тойға не сый алып барамыз?» деген сұрағы құлағымнан кететін емес. Стол үстінде жол бойы дастарханға айналған «Лениншіл жастың» (қазіргі «Жас Алаш») қиындысы жатыр. Қиындыда - фотоэтюд. Оған жазылған екі шумақ өлең. Авторы көрсетілмеген. «Суретті түсірген Р.Ханалиев» деген жазу ғана бар.

    Ақ қайыңның төгіліп нұр шашағы,

    Алаңқайды ақ қанат гүл басады.

    Алақанға қондырып ақ сезімін,

    Жас жұбайлар жарасып сырласады.

    

    Бірін-бірі көргендей бірінші рет,

    Көп қарайды жанымды ұғыншы деп,

    Қалқатайын аймалап күйеу жігіт,

    Қалындық тұр күнәсіз күлімсіреп.

Газет бетіндегі суретте бейнеленген бозбала мен бойжеткеннің сезімдерін дәл көрсетіп, дөп басқан мына жыр жолдарын қайта-қайта окымау мүмкін емес. Ал, пойыз тербетіле зымырап келеді. Доңғалақ ырғағымен ыңылдап едім, жарасымды бір әуен пайда болды. Келе-келе әнге айналды. Вальске ұқсайды. «Лениншіл жастың» бетіндегі әлгі екі шумақты салып, айтып көріп едім, әп-әдемі ән туып шыға келді. «Жас жұбайлар» деп ат таңдым. Таңертең тойға асығып, көңілдері алабұртып келе жатқан курстастарыма «мынау бір жерден есіткен әнім еді» деп тыңдатып көріп едім, бәріне ұнады. Қайырмасы да жараса кетті.

    Сендерге әрдайым орын бар,

    Ақ отау төріне қоныңдар.

    Ақ тілек - батамыз мінеки:

    Бақытты болыңдар, болыңдар!

Осылайша, дүниеге «Жас жұбайлар» атты жаңа ән келді. Оны сәлден кейін бүкіл вагон, ал, Ақадырдағы Құлтөлеудің үйлену тойында бүкіл ауыл айтып кетті. Кейін ол жастардың аузынан тастамайтын сүйікті әніне айналды.

Тыңдаушының да тыңдаушысы бар ғой. «Ой, бауырым, әнің ән-ақ екен, бірақ сөзін кім жазған?» деп қадала сұрап қоймайтындар да табылды. Расында да, пойыз үстінде ән тууына себепкер болған қос шумақ кімдікі екен? Өлең авторын сұрастырып көріп едім, тұщымды жауап болмады. «Лениншіл жастың» редакциясына да барып сұрадық. Олардан да ешкім білмеді. «Суреттің астыңғы жағында қалған бос орынға жазыла салған шумақ ғой» десті ондағылар. Сөйтіп, «Жас жұбайлар» әнінің мәтінін жазған ақынды іздеу басталды.

ҚазМУ қалашығындағы бесінші жатақханаға бірде «Лениншіл жастың» жігіттері кездесуге шақырылады. Болашақтың журналистері мен осы шақтың журналистері бір-біріне түрлі сұрақтар қойып, сұхбаттасып, сырласып, мәре-сәре болды. Кеш аяқтала бергенде журфактың студенттері қонақтарға арнап ән айтатын әдет бар. Сол баяғы «Жас жұбайларды» заулаттық. Ән аяқтала бергенде «Лениншіл жастың» сол кездегі әдебиет бөлімінің меңгерушісі, ақын Өтеген Оралбаев орнынан атып тұрып: «Бұл мен ғой! Менің өлеңім ғой!» деп айғай салды. «Жас жұбайлардың» қос авторы арада екі жыл өткенде осылай табысқан едік. Бұл 1986-ның көктемі болатын. Одан кейін арада жиырма жылдай уақыт өткенде Өтеген ағаның өлеңіне жазған екінші әнім «Елім менің» өмірге келді. Бұл әнім де келесі жылы-ақ патриоттық әндер байқауында бірінші орынға ие болып, ел аузында жүретін әнге айналды.

Аида ӨТЕП

Әйеліне қол көтерді деп айыпталған Рахат Тұрлыханов жұбайымен бірге бейнеүндеу жасады
Татардың «Пыяла» әні қазақшаға аударылды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу