Әйеліне қол көтерді деп айыпталған Рахат Тұрлыханов жұбайымен бірге бейнеүндеу жасады
Кеше қазақстандық әнші Рахат Тұрлыхановтың әйеліне қол көтергені үшін сот алдында жауап беретіні айтылған еді. Алайда бүгін оның жары видеоүндеу жолдап, жолдасының сыртынан орынсыз әңгімелер айтылып жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.
Әнші Рахат Тұрлыхановтың әйелінің айтуынша, күйеуі қамқор әрі жақсы адам.
"Рахат өте жақсы адам. Мені және балаларын жақсы көреді. Өте қамқор әке әрі мейірімді жар. Әрине, отбасы болған соң басқа отбасылар секілді бізде де ұрыс-керіс болады. Бірақ өзгелер жағдайдың ақ-қарасын білмей неше түрлі ақпарат таратуда. Рахатты әділетсіз айыптап жатыр. Біз сіздердің тараптарыңыздан алаңдаушылық болып жатқанын білеміз. Бірақ уайымдаудың қажеті жоқ. Бізде барлығы жақсы", - деді әншінің әйелі.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстандық әнші – мәжіліс депутаты Дәулет Тұрлыхановтың туысы Рахат Тұрлыханов әйелін соққыға жыққаны үшін тағы да сот алдында жауап беретін болған.
Депутаттың інісі Рахат Тұрлыханов әйелін ұрып-соққаны үшін әкімшілік құқықбұзушылық бойынша сотқа шақырылған. Алайда әйелі оны кешіргендіктен, әртіс жазадан құтылып кеткен.
9 қаңтарда Алматы қаласының әкімшілік құқық бұзушылық істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Рахат Тұрлыхановқа қатысты істі қарағанын хабарлады.
Іс материалдарынан белгілі болғандай, өткен жылдың желтоқсан айында Тұрлыханов үйінде жанжал шығарып, әйелін соққыға жыққан. Сотта Тұрлыханов кінәсін мойындап, өкінетінін білдірген және тараптардың татуласуына байланысты іс жүргізуді тоқтатуды сұраған.
Сондай-ақ бұған дейін Рахат Тұрлыхановтың туысы Болат Тұрлыхановтың ұлының үстінен адвокаттардың шағымынан кейін қылмыстық іс қозғалған еді. Тұрлыхановтың 20 жастағы төртінші ұлы Нұрасыл Болат сот шешімімен кінәлі деп танылып, оған 1 миллион 700 мың теңге айыппұл салынған.
Кейін Тұрлыхановтың тергеудегі ұлы Нұрасыл Болат әскери бөлімнен қашып кеткені белгілі болған. Осыдан кейін ол басшылық бұйрығына бағынбағаны және орындамағаны үшін 15 тәулікке қамауға алынды.
Бұған дейін әлеуметтік желіде Дәулет Тұрлыхановтың ортаншы ұлы мен қыздың арасындағы жанжалға байланысты видео тараған. Дәулет Тұрлыханов бұл жағдай өзінің отбасына соңғы жылдары жасалған кезекті ақпараттық шабуыл деп ойлайтынын атап өткен болатын.
Посмотреть эту публикацию в Instagram